Бүгін əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде The Associated Press ақпараттық агенттігінің тілшісі, белгілі жазушы Jesse J. Hollandпен кездесу өтті. Белгілі журналиспен кездесуді факультет деканының ғылыми-инновациялық жəне халықаралық мəселелер жөніндегі орынбасары Қарлыға Мысаева ұйымдастырды.
Кездесу барысында халықаралық этика тақырыбы басты назарға алынып, студенттер өз сауалдарына нақты əрі ұтымды жауап алды. Jesse Holland өз сөзінде: «Бүгінде журналистикадағы демократиялық бағыт пен гуманистік позиция баршаға ортақ. АҚШ немесе Еуропа, Азия мен Парсы шығанағы елдері үшін де солай. Журналист эрқашан өз пікірі мен дерегіне қайшы келетін жағдайлардан аулақ болуы қажет. Əлбетте, АҚШ-та құқықбұзушылық орын алып, тілшілер қиындыққа ұшырап жатады. Яғни бұл журналистикада əр сөздің тексеруден өту керектігін, əрі этикалық нормаларға баса назар беру керектігін білдіреді. Журналистиканың қай саласы болмасын маңызды жəне қауіпке толы. Соған қарамастан, Америкада журналистика факультетін таңдаушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Демек, біздер үшін ең басты ереже – қасақана жазу мен жеке басты дəріптеуден аулақ болу» – дейді.
АҚШ журналистерінің тәжірибесіне сай, журналистік этика мен жазу әдісінің мәні – құрғақ дерек арқылы емес авторлық бағалау арқылы жетістікке жету. Байқап отырғанымыздай, бұл АҚШ журналистикасына тəн жаңашылдық. БАҚ саласында журналистік этиканың маңызы зор. Этика журналистік қызметтің əр саласында көрініс тауып отырады. Мəселен, БАҚ пен аудитория арасындағы байланыста журналистің информация көздерін пайдалануы, объективті хабар таратуы, тіпті болмаса респондентпен диалог барысында өз-өзін көрсете білуі. Мұндай жағдайда журналистік зерттеуді де назарға алғанымыз жөн. Америка тəжірибесінде зерттеуді бастау үшін жақсы дерек қорының сақталуы маңызды. Журналистік зерттеу көп ретте әлеуметтік тұрақсыздық пен түрлі революциялар кезеңінде дамиды. Репортер құнды деректерді реттегенде, мақалада автордың көзқарасы, жеке бағасы пайда болады. Ал бұл оқырманның қабылдауына зор ықпал етеді. Сол себепті сынау теориясын меңгере отырып, этикаға баса мəн беру керек. Осындай жағдайда ғана туынды авторы өз пікірінің объективтілігін дәлелдей алады.
Келелі кездесуден түйгеніміздей, отандық БАҚ заманауи озық техника мен технологияның өркендеуінен шет қалмауы шарт. Сондай-ақ шетелдік үлгінің жақсысын меңгеру арқылы журналистиканың мән-маңызын арттыра аламыз.
Кездесу соңында Jesse Holland мырзаға журналистика факультетінің атынан тарту-таралғы табысталып, жас тілшілер мен студенттерге журналистің «The Black Panther: Who Is The Black Panther?», «Star Wars: The Force Awakens – Story» сынды авторлық еңбектері өз қолтаңбасымен сыйға берілді. Алдағы уақытта осындай тәжірибелік маңызы зор шаралар ұйымдастырылады деген сенімдеміз.
АҚПАРАТ
Jesse J. Holland – «The Black Panther: Who Is The Black Panther?», «Star Wars: The Force Awakens – Finn's Story» бестселлерінің авторы. Біраз уақыт АҚШ Конгресі, Жоғары сот пен Ақ үйдің экс-корреспонденті қызметін атқарған. Журналистика сферасында 25 жылдық тәжірибесі бар ол қазіргі уақытта əлемге əйгілі The Associated Press ақпараттық агенттігінің беделді тілшісі.