Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу соңғы жылдары Сүриядағы соғыс қимылдарына қатысып жүрген ресейлік әскерилердің операцияларының нәтижесі туралы есеп берді. Оның сөзінше, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының Сүриядағы «бандалық құрылымдары» жойылған.

«Операциялар кезінде барлығы 87,5 мыңнан аса содыр жойылып, 1411 елдімекен және Сүрия территориясының 95 пайыздан көбі азат етілді» деген Шойгу.

Министрдің айтуынша, Сүрия тұрғындарының 90 пайыздан астамы тұрып жатқан территорияны сүриялық үкімет бақылауында ұстап отыр. Бірақ Шойгу Сүрияда қанша ресейлік әскери қызметкердің қаза тапқаны туралы ешқандай мәлімет келтірмеген.

Ресей Сүриядағы әскери операцияларға 2015 жылдан бастап ресми түрде қатыса бастаған.

Ресми деректер бойынша, Сүрияда 2015 жылдан бері 91 ресейлік әскери ажал құшқан. Соның арасында 39 адам биыл наурызда әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырағанда мерт болған. Бұл тек ресейлік қарулы күштер қызметкерлеріне қатысты деректер. Сүриядағы соғысқа жеке меншік әскери топтардың құрамында қатысқан ресейліктер туралы мәлімет бұл есепке енбеген.

"The Qazaq Times"