Ресей Қырғызстанды Гаагадағы халықаралық сотқа берді.
Жақында Ресейдің «РусГидро» компаниясы Қырғызстанды Гаагадағы халықаралық сотқа берді. Ресейліктердің шағымданудағы басты мақсаты ресми Бішкектен 37 миллиард доллар өндіріп алу.
2012 жылы Бішкектегі билік тізгіні атышулы Алмазбек Атамбаевтың қолында болған тұста Қырғызстан Жоғары Нарын гидро электр станциясын салуыға Ресейдің «РусГидро» компаниясымен келісім шартқа отырған. Келсім құжатына Қырғызстан энергетика министрі Автандил Калмамбетов пен Ресей энергетика министрі Александр Новак Алмазбек Атамбаев пен Владимир Путиннің кездесуінде қол қойған. Бірақ кейіннен 2015 жылы ресми Бішкек «РосГидромен» арадағы келісімді бұзып, Жоғары Нарын ГЭС құрылысын Чехияның «Liglass Trading» компаниясына берген. Олардың бұндай қадамға баруына ресейліктердің құрылыс жұмыстарын уақытылы бастамауы себеп болған. Қырғызстан БАҚ өкілдерінің болжамы бойынша, Атамбаев билігі «РосГидро» жұмысты мерзімінде бастамай өз уәдесінде тұрмағасын құрылыс алаңына «Liglass Trading» сияқты жаңа компанияны алып келіп, содан түскен қаржымен ресейліктердің қарызын қайтармақ болған. Бірақ чехиялықтардың да қалтасы анау айтқандай толы болмай шыққан. Салдарынан Атамбаевтан кейін билік басына келген Сооронбай Жээнбеков билігі Ресеймен Гаага сотында ақ-қараны анықтауға мәжбүр.
Алайда қырғызстандық саясаттанушы, Марс Сариевтың пікірі мүлде басқаша. Оның сөзінше, Ресейдің Қырғызстанды халықаралық сотқа беруінде геосаяси астар бар.
Саясаттанушы, Марс Сариев: «РосГидроның» Қырғызстанды сотқа беруіне қарағанда қазіргі Бішкек пен Мәскеу арасында бұрынғы келісімдер жоқ. Ресей өзінің осы іс-әрекеті арқылы қырғыз билігін өзіне тартып, белгілі бір келісімдерге келуге итермелеуде. Қазір Мәскеуді 37 миллиард доллардан қарағанда Бішкектің сыртқы саясаттағы қадамдары көбірек алаңдататын сияқты. Соңғы уақыттары қырғыз билігі Түркияның бастауындағы түрік елдері кеңесі мен Назарбаев пен Мирзиеев бастаған Орталық Азия елдері басшыларының саммитіне белсенді араласып кетті. Бұл қалай дегенде де Кремльді алаңдатады. Жалпы, Ресей әу баста Жоғары Нарын ГЭС-ін салуға мүдделі болған жоқ. Мәскеу үшін бұл жоба Өзбекстан мен Қазақстанға қысым көрсетудің бір жолы ғана болды. Себебі екеуінің де мақта, күріш, бидай алқаптары Қырғызстаннан бастау алатын тренсшекаралық өзендерге байланған. Бірақ кейіннен Ресей Жоғары Нарын ГЭС-і арқылы ресми Астана мен Ташкентке қысым көрсету жоспарын өзге арнаға бұрып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық қарым-қатынасын түзеді. Бұл ақыр соңынада Жоғары Нарын құрылысының тоқтауына алып келді».