АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Твиттер парақшасында мәлімдеме жасап, егер Мексика заңсыз мигранттардың АҚШ-қа кіруін тоқтата алмаса, онда Құрама Штат екі ел шекарасына арнайы әскерлерді жіберетінін айтты.
АҚШ президенті өзінің әлеуметтік желі парақшасында: «Демократтардың бастап келген иммигранттары Құрама Штатқа шабуыл жасап жатыр», – деп айыптады. Ол және кейбір көшіп келушілерді «қылмыскер» деп көрсеткен. Сондай-ақ, ол Мексика Құрама Штатқа қарсы бұл «соққыға» қарсы шаралар қолданып, заңсыз көшу ағынын тоқтатпайтын болса, онда Орталық Америкаға берілетін барлық көмекті тоқтататынын мәлімдеген.
Трамптың зілді айыптаулары мен мәлімдемелерінен бірнеше күн бұрын, Гондурастың мыңдаған босқыны Гватемала арқылы Мексикаға кірген болатын. Бұл көшіп келушілер аймақтағы кедейлік пен зорлық-зомбылықтан құтылу үшін Құрама Штаттарға кіргісі келген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео АҚШ жергілікті уақытымен бейсенбі күні Панама мен Мексикаға сапарлауды жоспарлаған. Ал жұма күні Мексика президентімен кездеседі. Бұл кездесуде мигранттар мәселесі де талқыланады деп күтілуде. Дегенмен, Мексика тарабы Трамптың Твиттердегі «байбаламына» әлі жауап қатқан жоқ.