Француздық «lemonde.fr» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Кувейт 1990 жылдан бері алғаш рет АҚШ-қа мұнай тасымалын тоқтатқан. Енді ол Азия елдеріне көбірек мұнай сатуға ниетті.
АҚШ-тың Энергетика министрлігі басқармасының ақпараттық сайты да қыркүйек айынан бастап кувейттік мұнайдың тоқтатылғанын хабарлаған. 28 қыркүйекте ведомоства тарапынан жарияланған мәліметке сәйкес, үстіміздегі жылдың шілде айында Кувейт АҚШ-қа күніне 63 мың баррель мұнай импорттаған. Ал, 2017 жылдың сол айында бұл көрсеткіш күніне 206 мың баррель құраған. Кувейттік мұнайдың АҚШ-қа тасымалы 2012-2014 жылдары ең үлкен көрсеткішке жеткен.
1990 жылы Иракпен арадағы әскери қақтығыс салдарынан мұнай эспортын уақытша тоқтатқанын айтпағанда, 28 жыл бойы қара алтынын АҚШ-қа үздіксіз тасымалдап келген Кувейттің бұл шешімге баруына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Мұнай саудасымен айналысатын кувейттік «Kuwait Petroleum» мемлекеттік компаниясы да бұл ақпаратқа қатысты әлі ресми мәлімдеме жасамаған. Тек, «Иранға салынған санкциялар мұнай өндіруші өзге елдерге АҚШ-қа қарағанда бағасы қымбатырақ Азияға көбірек мұнай сатуға мүмкіндік береді», - деген «Lipow Oil Associates» консалтингтік компаниясы басшысы Энди Липоудың сөзінен Кувейттің бұл шешіміне АҚШ-тың Иранға қарсы санкциясының әсері болуы мүмкін екенін болжауға болады. Сонымен қатар, «Bloomberg» ақпараттық агенттігі Кувейт мұнайының АҚШ-қа баррельіне 79 долларға сатылса, енді Азия елдеріне шамамен баррельіне 80 долларға экспортталатынын хабарлады.