АҚШ, Мексика және Канада экономикалық шартқа қол қойды. Жаңа шарт жасау туралы ұсынысты Дональд Трамп білдірген.
Маңызды келіссөзден кейін, Ақ үйде Еркін сауда жөніндегі солтүстікамерикалық NAFTA келісімінің орнын басқан жаңа шартты таныстыру мақсатында баспасөз мәслихаты өтті. Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп журналистердің сауалына жауап беріп, жаңа келісімнің тарихи мәніне тоқталып өтті.
Washington Post тілшілерінің хабарлауынша, шарт бойынша Канада америкалық фермерлерге сүт өнімдері нарығының 3,5%-ын беруге келіскен. Сонымен қатар, Оттавада автомобиль өнеркәсібін дамыту шаралары қамтамасыз етілмек. Мұнымен қоса, Канада мен Мексика арасындағы жаңа келісімге сай қоршаған ортаны, қыметкерлердің құқығын қорғауға қатысты ережелер баса назарда болады. Саяси және экономикалық тұрғыда маңызы айрықша шартқа қол қойылғаннан кейін, Канада премьер-министрі Джастин Трюдо «Бүгін Канада үшін өте жақсы күн»,– деді. Ал Трамп твиттерде бұл уағдаластықтарды «тарихи мәміле» деп атады.
Баспасөз мәслихатында Дональд Трамп үшжақты келісімнен бөлек, АҚШ-тың халықаралық сауда байланысына тоқталып өтті. Америка Қытаймен арадағы конфликтілерге байланысты Бейжің ұсынған екіжақты келісімге дайын еместігін айтты. Ал сауда-экономикалық мақсатта Еуропа Одағымен келіссөз жүріп жатқанын, одан нақты нәтиже шығатынына сенім білдірді.
Еске сала кетейік, солтүстікамерикалық NAFTA келісіміне 1992 жылы қол қойылған. Келісімге сай екі тарап сауда-экономикалық шарттарды жүзеге асырып, тауар тасымалдауды реттейді. Бірақ былтыр Ақ үй басшысы Дональд Трамп құжаттағы кей ережелерді сынға алып, ұйымнан шығатынын мәлімдеген болатын. Ал Канада тарапы экономикалық байланысты нығайту мақсатында Америкамен қайтадан келісім жасауға мүдделі екенін айтты. NAFTA шарттарын қайта қарау туралы келіссөздерді Вашингтон 2017 жылы бастады. Ал Мексикамен келісімге қол жеткізу туралы шешім тамыз айының соңында жарияланды. Қазіргі уақытта АҚШ, Мексика және Канада сауда ауқымы жылына 1 трлн доллардан асады.