Грузия Ресейден Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан әскерін шығаруды талап етті.

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 73 отырысында Грузия премьер-министрі Ресейге қарата мәлімдеме жасады. Онда ол: «Біз осы уақытқа дейін өзімізге жүктелген барлық халықаралық міндеттерді орындап келдік. Ал Ресей халықаралық келісімдерді орындап отырған жоқ. Сол себепті біз Ресейден Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан оккупациялық күштерін шығаруды талап етеміз» - деп мәлімдеді.

Естеріңізге салайық, Ресей әскерін Грузияның Абхазия және Оңтүстік Осетия аумағына 2008 жылы кіргізген. Дәл осы жылдың 16 тамыз күні Грузия, Ресей, Абхазия және Оңтүстік Осетия басшылары бейбіт келісімге келу туралы құжатқа қол қойды. Арада он күн өткен соң Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетия тәуелсіздігін мойындады. Кейіннен қыркүйек айының 2-і күні Грузия Ресеймен арадағы барлық дипломатиялық қарым-қатынастарын бұзды.

"The Qazaq Times"