Америка елшілігінің Тель-Авивтен Иерусалимге көшірілуіне байланысты Палестина АҚШ-ты Халықаралық сотқа берді. Бұл туралы mepanews.com соттың сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Палестиналық тараптың пікірінше, америкалық биліктің шешімі 1961 жылғы дипломатиялық байланыстар туралы Вена конвенциясына қайшы. «Вена конвенциясы бойынша, дипломатиялық өкілін жіберуші ел міндеті дипломатиялық өкілді қабылдаушы мемлекеттің заңына қайшы әрекет жасамауы керек. АҚШ-тың өз елшілігін Иерусалимге көшірілуі Вена конвенциясын бұзу болып табылады», - деген Палестина БҰҰ-ны АҚШ-тың осы әрекетін заң бұзушылық деп танып және Американың Иерусалимнен дипломатын кері қайтаруға шақырды.
Еске салайық, өткен жылдың 6 желтоқсанында АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалимді ресми түрде Израильдің астанасы деп танып, америкалық елшілікті сол жаққа көшіруе жарлық шығарған еді. Осыған жауап ретінде Ислам Ынтымақтастық ұйымы елдері Шығыс Иерусалим астанасымен Палестина мемлекетін мойындайтындықтарын мәлімдеген болатын. Алайда, осыған қарамастан осы жылдың 15 мамырында АҚШ Иерусалимде өзінің елшілігін ашты.