Ауған үкіметі «Талибан» қозғалысымен бейбіт келіссөз жасасуға ниетті. Бұл туралы Ауғанстанның премьер-министрі Абдулла Абдулла БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясында мәлімдеді.

Оның сөзінше, Ауғанстан үкіметі терроризмді түп-тамырымен құртуға бағытталған барлық жұмыстарды қолға ала отырып, террорлық ұйымдармен күресті жалғастыруда. Премьер-министр сонымен қатар кейбір елдердің террорлық топтарды өздерінің мүдделеріне қарсы қолданып жүргенін де атап өтті.

«Үкімет «Талибан» қозғалысымен бейбіт келіссөздер жасауға ниетті. Егер, қозғалыс мүшелері бейбіт келісім жөніндегі ұсыныстарды қолдайтын болса, Ауғанстан азаматтарының барлық құқықтарын пайдалана алады», - деп айтқан премьер-министр террорлық ұйымдарға тиесілі лагерьдің барлығы олардың орналасу орындарына қарамастан, жабық болуы тиіс екенін де тілге тиек етті. «Қазіргі таңда Ауғанстан қуаңшылық, көші-қон және терроризм  секілді мәселелермен күресуде. Кабул өзге елдер де осы күреске қолдау көрсетеді деп үміттенеді», - деді ол.

“The Qazaq Times”