Түркия АҚШ-тың Теһранға қарсы санкциясына бола Иран газын импорттауды тоқтатпайды. Анкараның осы ұстанымы туралы түрік президенті Режеп Тайып Ердоған Рейтер агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Бұрын Барак Обама кезінде (АҚШ-тың бұрынғы президенті — ред.) осыған ұқсас жағдай (Иран газына қатысты) орын алған еді. Егер біз оны импорттамайтын болсақ, онда қыста халқымды немен жылытамын? Қазіргі таңда біз газдың 50 пайызын Ресейден, қалған көлемін Әзірбайжаннан, Ираннан, Ирактан және кейде Алжирден жеткіземіз. Кешіріңіздер, бірақ біз халқымыздың мүддесін басты орынға қоя отырып әрекет ететін боламыз», - деді Ердоған АҚШ-тың ирандық барлық көмірсутек саласына қарсы салынуы мүмкін санкциялар туралы сұраққа жауап бере отырып. АҚШ-тың 2015 жылы жасалған Иранның ядролық бағдарламасынан шығатыны туралы хабарлағаннан кейін Уашингтон үстіміздегі жылдың 4 қарашасынан бастап Теһранға қарсы қатаң санкцияларды қайта жаңартуға уәде берген еді. Сонымен қатар, барлық одақтастарын Ираннан мұнай сатып алмауға шақырған болатын. Кеше Иран да өз кезегінде, Батыс Еуропа мен АҚШ-қа мұнай трансферінің негізгі әрі бірден-бір жолы болып табылатын Ормуз бұғазын жауып тастауы мүмкін екенін айтып, сес көрсеткен еді. Енді, АҚШ-тың осы ұсынысына қарамастан, Түркия «ішкі қажеттіліктерге сәйкес әрекет ететінін», яғни Ираннан мұнай сатып алуды тоқтатпайтынын хабарлады.