Ресей, Түркия және Иран елдерінің Сүрияның Идлиб қаласындағы қарусыздандырылған аймақтағы ортақ қимылдары нәтиже бере бастады. Идлибтегі террористер жедел түрде аймақты тастап кетіп, шамамен 50-60 мың сүриялық үйлеріне оралуға ниетті. Бұл туралы yeniakit.com.tr Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сөзіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Р.Т.Ердоғанның Сочиде өткен келіссөздерінен соң Идлибтегі террористер аймақты түгел тастап кетуге мәжбүр болуда. «Астана мен Сочиде қол қойылған келісімшарттардың арқасында 50-60 мың адам өз отандарына (Сүрия, Идлиб) оралуға ниетті. Егер, осы саммиттер болмаса, қантөгіс әлі жалғасып жатқан болар еді. Бұл қадамдар бейбітшілік пен өркениет көкжиегін көрсетті. Бұл іспен біз, Иран және РФ бірге айналысудамыз»  , - деген Р.Т.Ердоған. Осыдан екі күн бұрын, аталған келісімшартқа сәйкес, Түркия тарапы кедендік бақылау нысанының бақылауын арттыру үшін Идлибке арнайы әскер кіргізген еді.

“The Qazaq Times”