Бүгінде Германиядағы популистік партия екінші саяси күшке айналған. Миграция мәселесін қарастырып, босқындарды қабылдауға түбегейлі қарсылық білдірген балама партияның рейтингі 18%-ға артқан.

Аталған партияның кеңінен танылуына миграция мәселесі мен коалициядағы келіспеушілік әсер етті. Биыл Иран мен Сүриядан келген екі келімсек 35 жастағы неміс азаматын пышақтап өлтірген болатын. Қанды оқиға күллі Германияны дүрліктіріп, Хемниц қаласының тұрғындары жаппай ереуілге шыққан. Осы оқиғадан кейін оңшыл көзқарастағы Германияда популистік партияның беделі артты. Сондай-ақ миграциялық саясат жөніндегі канцлер Ангела Меркель мен ішкі істер министрі Хорст Зеехофердің пікір қайшылығы салдарынан коалиция ыдырауға сәл-ақ қалған еді.

Мемлекеттегі жағдайларға қатысты Германия канцлері Ангела Меркель: «Бір жыл бұрын Бундестагта өткен сайлаудың нәтижесі өте ауыр тиді. Біз үшін коалицияны құру қиындай түсті. Мұнымен қоса, алдыңғы айда орын алған жағдай да халық сөзіне назар аударып, ішкі мәселелерді шешуге ықпал етті. Онсыз мемлекеттің келешегін елестету қиын. Қазіргі уақытта осы мақсатта қызмет етіп келеміз. Әлі де тындырар ісіміз көп», – дейді.

Мәліметтер бойынша, былтыр парламенттік сайлауда тұрғындардың 13%-ы популистік партияға қолдау көрсетіп, нәтижесінде ол Бундестаг құрамына енген. Ал қазір күн тәртібіндегі мәселеге айналған миграция басты назарда болғандықтан, популистік партияға деген сенім күшейіп келеді.

"The Qazaq Times"