Иран ядролық бағдарламасы туралы келісімге қол қойған елдер Теһранмен (Тегеран) сауда жасау үшін жаңа төлем механизмін ұйымдастыратынын мәлімдеді. Мемлекет басшыларының ойынша, бұл шешім ЕО, Ресей және Қытайға Иранмен сауда жасауға мүмкіндік беріп, Вашингтон санкцияларын айналып өтуге көмектеседі.
ЕО дипломатиясының басшысы Федерика Могеринидің айтуынша, жаңа төлем тетігі еуропалық және әлемдік бизнес өкілдеріне, соның ішінде мұнай компанияларына америкалық рынок пен америкалық валютасыз-ақ Иранмен сауда жасауға ықпал етеді.
«Reuters» агенттігі Кеңес Одағы жылдарында болған суық соғыс кезіндегідей саяси жүйе қайта құрылуы мүмкін деп мәлімдейді: Иран мұнайы ақшаны пайдаланбай еуропалық тауарларға айырбасталуы мүмкін. Әзірше, жаңа механизмнің қашан жүзеге асатыны беймәлім. Иранмен сауданың жаңа төлем тетігін құру туралы шешім Ұлыбритания, Франция, Германия, Қытай, Ресей және Иран өкілдерінің қатысуымен өткен ресми кездесуден кейін қабылданды. Жиында кейбір дипломаттар мұндай жүйенің мақсатты түрде жүзеге асатынына сенім білдірген жоқ. Бұл ретте, көпшілігі Иран ядролық бағдарламасы туралы келісімнің мүшелері алдымен АҚШ-тың негізгі шарттан шығу салдарын қалай шешу керектігін және аталған жоба нәтижесінің қандай болатынын түсіну қажет деген пікірде.
2015 жылдың шілде айында Иран ядролық бағдарламасы туралы келісімге Құрама Штаттары, Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қытай қол қойды. Шартқа сәйкес, Иран МАГАТЭ халықаралық ұйымының инспекторларын өздерінің ядролық объектілеріне жіберуі тиіс. 2018 жылдың мамыр айында АҚШ президенті бұл келісімнен шықты. Президент Дональд Трамп «Иран ядролық қаруды әзірлеуді жалғастырып, келісімнің іс-қимыл жоспарын бұзды» – деп айыптады. Содан бері АҚШ Тегеранға қарсы жаңа санкциялар енгізіп келеді. Ал қалған келісім мүшелері Иранмен жасалған мәмілелерді сақтау керектігін бірнеше рет айтқан болатын.