Біріккен Корольдіктің Мәдениет министрі Джереми Райт ресейлік «Russia Today» телеарнасынан көрсетілген Сергей мен Юлия Скрипальдің улануына қатысы бар қос күдіктінің сұхбатына байланысты пікір білдірді.
Парламенттің көптеген депутаттары «пропагандамен айналысатын» және Ресейдің басқа да мемлекеттік БАҚ-тарын Ұлыбританиядағы телехабар тарату лицензиясынан айыру керек деп шешті. Сонымен қатар, министр Райт «Ресей өзінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы барлығын шатастыруға тырысады. Солсбериде болған оқиғаның 40 түрлі нұсқаларын ұсынды және олардың ешқайсысы шындыққа сәйкес келмейді», – деді.
«Ofcom» радио және теледидар істері жөніндегі Британдық басқармасы Ұлыбританияда RT қызметіне хабарды бұрмалағаны үшін тергеу жүргізбек. Скрипаль оқиғасынан бөлек, Украина мен Сүрияға қатысты әрекеттердің де назардан тыс қалмайтынын айтты. Алдағы уақытта ресейлік телеарнаның үгіт-насихаттық бағытта жұмыс жасайтыны дәлелденсе, Ұлыбритания мен Вашингтондағы RT-ның лицензиясы кері қайтарылады.
Кремль қандай қадамға бармақ?
«Times» бұл мәселе Ресейдің кешірім сұрауына немесе нақты жауап беруге мәжбүр етеді дейді. Себебі, RT телеарнасының «кесірі» Ресей аумағындағы BBC-дің жұмысын қиындатады. Сонымен қатар, аталған басылымда Хьюго Рифкиндтің Солсберидегі оқиғаларға британдықтардың реакциясы жайлы мақаласын жариялады. Онда тілші: «Сұмдық! Толған теория мен мазақ ету. Бәрі еш дәйексіз!», – дейді. Енді Ұлыбритания жұртын шулатқан мақаланың үзіндісіне зер салсақ.
«Сенбі күні өзімнің сатиралық колонкамда екі қорқынышты адам өмірін жалмайтындарды риясыз сұхбат беруге мәжбүрлегенін жаздым. Осы уақытқа дейін ресейлік насихаттау арналары бізді алдаймыз деп ойлады. Соңғы жарты жыл ішінде RT Скрипальдарды өлтіру әрекеті туралы балама теорияларды алмастырған. Бұл – фейк! Оқиғаның қалай өрбігенін біз өте жақсы білеміз. Бұл телеарнаның тәулік бойғы жаңалығы британдық-ресейлік байланыстардың ушығуына сеп болды.
Бұл жағдай тек RT телеарнасына қатысты емес, сонай-ақ Лондондағы Ресей елшілігінің қызметіне де ықпал етеді. Байқағанымыздай, орыс «данышпандары» ғаламтор арқылы қалай алдау керектігін жетік меңгерген. Бұрмалауға негізделген «суық қаруды» мықты қолданады. Оқиғадан хабарсыз оқырмандар осы сілтемелермен бөлісіп, сол жаңалыққа сенеді.
Егер Ресей президентінің өзі бұл жағдайға көз жұма қарап, «баспасөз еркіндігін» алға тартқан болса, насихатшылар позициясын өзгерте қоймайды. Онда дипломатиялық байланыстар тіптен күрделене түседі.
Біздің мәлімдемеміз еш әзіл емес. Скрипальдың ісі кісі өлтіру әрекеттерінен басталды. Аса қауіпті химиялық қару қолданылды. Тіпті, еш жазықсыз әйел Дон Стерджесс қаза тапты. Сол себепті RT-ның болашағына қауіп төніп тұр. Әзірше, Ресей тарапы оқиғаны бұрмалап, Британия билігін мазақ ете берсін. Бәрі уақытша. Енді Ресей мен RT-ның күлуге де мұршасы жетпейтін болады».
ДЕ-ФАКТО
Ресейлік танымал телеарна өткен аптада Скрипальдерді улады деген қос күдікті Александр Петров және Руслан Бошировтің эксклюзивті сұхбатын экраннан көрсетті. Сұхбатта күдіктілер Солсберидегі жағдайға қатысты пікір білдірген. Телеарна бағдарлама барысында «әлем көз тіккен» оқиғаның бағытын жүз сексен градусқа өзгертіп берген. Ұлыбритания тарапы сұхбаттағы барлық әңгіменің шындыққа жанаспайтынын анықтап, нақты деректер келтірді. Ендігі уақытта RT-ның келешегін не күтіп тұрғаны анық. Ал Ресей тек АҚШ-тың ғана емес, Біріккен Корольдіктің де санкцияларына ілікті.