Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан Еуропарламенттің Будапештке қатысты "Венгрия ЕО-ның ережелері мен құндылықтарын бұзды" деген есебін венгер ұлтын кемсіту деп атады. Бұл туралы liberation.fr хабарлайды.

«Венгер халқы үшін еркіндік, демократия және тәуелсіздік — үлкен абырой. Ал, Еуропарламент комиссиясының есебі Венгрияны қорлау әрі венгер ұлтын кемсіту болып табылады», - деген Орбан. Оның айтуынша, ЕО-ға мүше басқа елдерге қарағанда, Венгрия дінге немесе мемлекетті басқаруға басқа көзқараста қарайды. Алайда, дәл осы нәрсе «Еуропаның әртүрлілігін» білдіреді. Ол ЕО-ның аталған есебінде 37 үлкен қате бар екенін айтты. «Сіз мыңдаған жыл қатарынан христиан ұлтының мүшесі болған Венгрияға кінә артуға тырысасыздар. Сіз үлкен қантөгіс пен еңбегі арқылы Еуропа тарихына орасан үлес қосқан Венгрияны кінәлағыларыңыз келеді. Сіздер әлемдегі ең ірі армия — Кеңес әскеріне қарсы азаттық пен демакратия үшін қарсы тұра білген, ал уақыты келгенде шығыс германиялық шекарасын достарына ашқан Венгрияны айыптағыларыңыз келеді», - деген ол.

11 қыркүйекте Еуропарламент депутаттары Венгрияның ЕО ережелері мен қағидаларын бұзып отырғандығы туралы мәселені талқылады. Ал, бүгін, 12 қыркүйекте Будапештті ЕО Кеңесіндегі дауыс беру құқығынан айыруға қатысты шешім шығарылуы мүмкін.

Еске салайық, үстіміздегі жылдың 19 шілдесінде Еурокомиссия Венгрияны ЕО сотына беруге шешім шығарған болатын. Оған себеп ретінде ЕО Венгрия босқындар туралы заңды сақтамай, оларға қатысты таласты заң қабылдағанын алға тартқан. Еурокомиссияның пікірінше, венгерлік заң ЕО-ның босқындарға қатысты оларға бассауға беру, оларды өз шекарасына қабылдап әрі кері қайтару істерінде заңына қайшы әрекет еткен.

“The Qazaq Times”