АҚШ қорғаныс министрі Жеймс Меттис кеше Үндістан сапарына аттанды. Ол мемлекеттік хатшы Помпеомен бірге Үндістанның қорғаныс және сыртқы істер министрімен «2+2 келіссөзін» өткізуге дайындалуда. Бұл туралы VOA жаңалықтар қызметі хабарлады.
Екі елдің сыртқы істер және қорғаныс ведомстволары бейсенбі күнгі келіссөз барысында жаңа қауіпсіздік және ынтымақтастық келісіміне қол қояды деп күтілуде. Келісім жүзеге асса, екі елдің қарулы күштері шифрланған әскери барлау мен хабар-байланыс саласында ортақтаспақ. Сондай-ақ, Үндістанның АҚШ-тан озық қару-жарақтарды сатып алуына жол ашады деп күтілуде.
Шын мәнісінде, АҚШ пен Үндістан Қытайдың Үнді-Тынық мұхитындағы әскери ықпалының артуынан бірдей алаңдаулы. Құрама Штат биыл жыл басында АҚШ Тынық мұхит әскери қолбасшылығының атын Үнді-Тынық мұхит әскери қолбасшылығы етіп өзгертті. Әрі, Үндістанның аймақтағы қауіпсіздік пен тепе-теңдікті сақтап тұрудағы рөлін нығайту үшін, Құрама Штат Үндістанмен әскери ынтымақтастықты тереңдете түсті. Оған АҚШ-тың Үндістанға сатып берген озық әскери техникаларының көбеюі және екі елдің бірлескен әскери оқу-жаттығуларының жиілеуі анық дәлел бола алады.
Дегенмен, екі ел ортасында келісе алмаған мәселелер де бар. Айталық, Үндістанның Иран мұнайын импорттауына және Ресейден S-400 зымыран қорғаныс жүйелерін сатып алу істеріне Құрама Штат жағы наразы. Кезекті «2+2 келіссөзі» бұл қалыптасқан кереғарлықты шешіп, АҚШ-Үндістан қауіпсіздік келісімін жүзеге асыра алатын, алмайтыны әлі болжаусыз.
Қазіргі мәліметтерге қарағанда, АҚШ Үндістанға Иран мұнайын импорттау мәселесінде белгілі дәрежеде жеңілдіктер жасаса керек. Бірақ, ресейлік әуе қорғаныс техникасын сатып алу ісінде АҚШ тарабы көбірек қарсылық танытқан. Бұдан сырт, АҚШ пен кейбір маңызды сауда серіктері арасында туылып жатқан сауда даулары Үндістанға да жетіп отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Оңтүстік Азия істері жөніндегі жауапты өкілінің айтуынша, АҚШ пен Үндістан әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге тырысуда. Айталық, екі елдің қауіпсіздік ынтымақтастығы тек әскери техникаларды сату мен сатып алуға шектелмей, өңірлік қиыншылықтарды ортақ шешуге дейін жеткізбек.