Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Джереми Хант экс-тыңшы Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальдің улануына байланысты Ресейге қарсы қатаң санкцияларды тез арада салу керектігін айтты. Бұл туралы BBC тілшілері хабарлайды.

Осы аптада британдық парламентте сөз сөйлеген Хант АҚШ-тың қараша айында өз күшіне енетін санкциясын негізге ала отырып, Еуропа да қарап қалмауы керектігін ескертті. Ресей қанша жерден бұл істі мойындамаса да, Скрипальдің аса қауіпті химиялық «Новичоктан» уланғаны біздің сөзімізге дәлел болады дейді.

Хант өз сөзінде «Меніңше, Солсбери акциясы мен атышулы Скрипаль ісіне қатысты мәселеде қол қусырып отырмауымыз қажет. Химиялық қару қолданғаны үшін Ресеймен байланысты шектеп, барынша «қызыл шекара» орнатқанымыз жөн. Бұл ретте санкцияны толассыз салып отырған Америкадан үлгі алуымыз керек деп есептеймін», – деген. Еуроодақтың әлемдік лидерлері де екі елдің шешімін құптайды.

Сондай-ақ, Джереми Хант осы уақытқа дейінгі қарым-қатынастарды ескере отырып, Мәскеумен біржақты келісімді тоқтатпауымыз мүмкін деді. Алайда, Ресейді Путин басқарып отырған кезде Британияның Мәскеумен бұрынғыдай жақындаса алмайтынын да ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында британдық Солсбери қаласында Сергей Скрипаль мен қызы химиялық қарудан уланған. Біраз уақыт ресейлік барлаушы болған Скрипаль кейін Ұлыбритания жағына ауысқан. Сол себепті, АҚШ пен Ұлыбритания бұл қастандыққа Ресейді айыптады. Алайда, Кремль бұл айыпты әлі күнге дейін мойындаған жоқ.

Осыдан бірнеше күн бұрын Федералды регистрде Құрама Штаттардың Ресейге салынатын санкцияларының сипаты жарияланған. Атап айтсақ, Ресейдің сыртқы жағдайын дамытуға, қару-жарақ саудасына қолдау көрсетуге және қаржыландыруға, өзге де тауарлар мен технологияларды экспорттауға тыйым салынады.

Екі алпауыт мемлекеттің ойы мен ісі бір арнада тоғысып, Ресейге қауіп арта түсті. Сұрапыл санкциялар саны да жаңарып келеді. Демек, жақын арада Ресейде әдеттегідей наразылық өршіп, олигархтар мен фирма қожайындары «қоңыз теріп кетеді». Дәлел-дәйектің көптігіне қарамастан бұл іске барынша назар аудармауға тырысып баққан біржақты позициядағы Ресей осы жолы «сүттен ақ, судан таза» боп шыға ала ма?..

"The Qazaq Times"