Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығатын уақыты таяп қалды. Алайда бұл шешіме қатысты біраз дау туындап, тараптар әлі де ортақ келісімге келе алған жоқ. Еуроодақ басшысы Мишель Барнье маңызды келіссөзде британиялық премьер-министр Тереза Мэй ұсынған келісімшартқа үзілді-кесілді қарсылық білдірді.
Біріккен Корольдіктің премьер-министрі Тереза Мэй референдумды қайта өткізуге шақырғандардың шешімін құптаған жоқ. Себебі Еуроодақтағы бірлестіктердің ұсыныстары ел мүддесіне қайшы келуі ықтимал. «The Daily Telegraph» газетінде жарық көрген авторлық мақаласында Брексит шешімін бүге-шігесіне дейін талқылай отырып, «Екінші референдумға жол жоқ. Еуроодақ құрамында қалу-қалмау туралы мәселе енді талқыланбайды!», – деген. Сондай-ақ референдумды қайта өткізіп, елдегі демократияға қиянат жасағым келмейді дейді.
Шілдеде Чекерс резиденциясында өткен келелі кездесу Лондон мен Брюссель қарым-қатынасына «жаңа серпін» әкелді. Нақты нәтиже бойынша Еуроодақ бюджетіне түсетін қомақты төлемдер тоқтатылып, Британияның денсаулық сақтау жүйесіне назар аударылмақ. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы сауда қатынастары сақталып, ортақ қауіпсіздік мәселелері шешімін табады. Яғни кеден одағы мен бірыңғай нарықпен хош айтысуға мүмкіндік туып, өзге мемлекеттермен еркін келісімдер жүзеге асады.
Өз мақаласында Т.Мэй Еуропалық одақ құрамынан келесі жылдың 29 сәуірінде шығу арқылы халықтың демократиялық көзқарасын нақты қалыптасатынын жазған. Қатаң қағида арқылы Біріккен Корольдік сұрапыл күшке айналып, мықты әрі меритократиялық мемлекет болып қайта жаңаратынына нық сенімді. Бірақ Мэйдің бұл бастамасын өзі басшылық ететін партиядағылар аса құптамайтын сыңайлы. Еуроодақтың брексит бойынша өкілі Мишель Барнье Мэйдің бұл пікірімен келіспейді. Барнье «Лондон Кедендік одақтан шығатын болса, еуропалық бірыңғай нарықта британиялық тауарлардың сатылуына шектеу қойылады» деп пікір білдірген. Ал парламент депутаттары мен бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Джонсон Мэйдің ұсыныстарын қатты сынға алды және Еуроодақтан шығу үшін төленетін 40 млрд еуроға қарсылықтарын білдірді. Олар түбінде Брюссель жеңіске жетіп, Чекерсте болған ұсыныстан соң Ұлыбритания ұрысқа ақ жалау желбіретіп барғандай болады деген ойда.
Түйін. Британияның Еуроодақтан шығуы бірталай уақыт талас тудырып келеді. Әлемдік деңгейдегі тақырып ретінде бұл шешімнің пайдасы мен зияны талқыланды. Тереза Мэй мен өзге де тараптардың пікірін салыстыра отырып, мынадай тұжырым жасауға болады.
Біріншіден, соңғы жылдары ЕО біраз экономикалық құлдырауды бастан кешті. Британия одақтан шығу арқылы, мемлекеттік компанияларды бюррократиялық «регресстен» құтқарып, қаржылық дағдарыстан құтыла алады.
Екіншіден, Brexit фунттың құнын қалыпқа келтірді. Яғни бұл – туризм саласының кең қанат жаюына септігін тигізеді.
Үшіншіден, Ұлыбритания экономикалық жоспар құрып, жаңа келісімдер жүргізу арқылы эволюцияға ұшырауы тиіс. Ал саяси істе тұрақсыздық танытатын мемлекет жобаларды одақ құрамынан тыс мемлекеттермен жүргізу барысында кедергілерді бастан кешуі мүмкін. Демек, жоғарыда келтірілген мысалдар дəлелдегендей, Ұлыбритания ЕО-дан шықса да, сөзсіз жеңімпаз атанады.