Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен бизнес-форумда халықаралық саудадағы доллардың үстемдігіне нүкте қоюға шақырды. Бұл туралы Анадолы агенттігі хабарлайды.

Түрік басшысының сөзінше, америкалық доллармен сауда жасау халықаралық сауданың үлкен проблемасы болып табылады. «Ұлттық валюталармен есептеуді қолға алу арқылы халықаралық саудадағы доллар үстемдігін аяқтауымыз керек» , - деген ол. Негізінде, тамыз айындағы доллар өсімінен кейін Анкара билігі ұлттық валютаны нығайту үшін шетелдік валютадағы депозиттерге салынатын салық көлемін арттырып, лирамен сақталған жинақты төмендеткен еді.

Осыған орай, «Егер оларда доллар бар болса, бізде біздің адамдарымыз бар» деп мәлімдеген түрік басшысы халқын доллар мен еуроларын ұлттық валютаға ауыстыруға шақырған болатын.

Бәрімізге белгілі, 1 тамызда АҚШ америкалық дипломаттардың, соның ішінде пастор Эндрю Брансонның қамауға алынуына байланысты Түркияның Сыртқы істер министрі мен Әділет министріне қарсы санкция салған еді. Э.Брансон 2016 жылдың қазан айынан бері қамауда. Оған Фетуллаһ Гүлен қозғалысына қолдау көрсетеді әрі билікті кетіруге бағытталған тыңшылық пен өзге де әрекеттерге қатысы бар деген кінә тағылған. Ал, АҚШ билігі Брансонның қандай да бір қылмысына дәлел жоқ, сондықтан ол Түркия билігі тарапынан әділетсіздіктің құрбаны болуда деп санайды. Ал, Түркия өз кезегінде АҚШ-тың осы әрекетіне жауап ретінде америкалық министрлердің (Сыртқы істер министрі мен Әділет министрі) активтерін бұғаттап тастады.

“The Qazaq Times”