Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған халқын алтын мен шетелдік валютаның бәрін түрік лирасына ауыстыруға шақырды, - деп хабарлайды «A Haber».
«Доллар, еуро немесе алтындарың бар болса, бәрін түрік лирасына айналдырыңдар. Бұл — ұлттық ішкі күрес. Бұл — бізге экономикалық соғыс жариялағандарға қарсы жауап» , - деп мәлімдеген президент Ердоған.
Айта кету керек, осыдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Түркиядан шығарылатын болат пен алюминий салығын екі есеге арттырған еді. Жаңа тарифтер алюминийге қатысты — 20%, болатқа — 50%-ті құрайды.
«Мен жаңа ғана Түркиядан экспортталатын алюминий мен болатқа салынатын тарифтерді екі есеге арттыруға бұйрық бердім. Олардың валютасы — түрік лирасы біздің мықты долларымызбен салыстырмалы түрде өте қатты құлдырауда!» , - деп мәлімдеген Д.Трамп өзінің «Twitter»-дегі парақшасында.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған АҚШ-тың осы әрекетіне қарсы үнсіз қала алмайтынын мәлімдеген еді. Алайда, Анкара билігінің нақты қандай шешімдерге баратыны әзірге белгісіз.
Бәрімізге де белгілі, 1 тамыз күні, АҚШ әкімшілігі Түркия СІМ министрі Сүлеймен Сойлу мен Әділет министрі Әбдүлхамид Гүлге санкция енгізген еді.
Негізінен, АҚШ пен Түркия арасындағы экономикалық текетірес Түркияда тұратын америкалық пастор Эндрю Брансонның Түркия билігі тарапынан тұтқындалуы себеп болған еді. Президент Дональд Трамп шілде айының соңында пастордың тұтқындалғаны үшін Түркияға санкция енгізуі мүмкін екенін ескерткен болатын. "Пастор Эндрю Брансонды босатыңыздар немесе біздің қандай шешімге баратынымызды күте беріңіздер", - деп жазған еді АҚШ президенті.