Ресей тұрғындарының зейнет жасы тағы да ұлғаяды. Үкімет жоспарлаған жаңа заң бойынша ерлер 65 жаста, әйелдер 60 жаста зейнетке шығуы тиіс. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин тікелей эфирде мәлімдеді.

Ескі заңға сай, қазір Ресейде ерлер зейнетке 60 жаста, ал әйелдер 55 жаста шығады. Заң жобасына қатысты өзгерістер әлі де туындауы мүмкін. Путин зейнет жасына жақындаған адамдардың қызметтен ерте босатылуы мен көп балалы аналардың белгіленген жастан ерте шығуына мүмкіндік беретіндерге жауапкершілік енгізу керектігін ескертті.

Халыққа жолдаған үндеуінде Путин мемлекеттегі инфляция мен жұмыссыздықтың белең алуына қатысты жаңа заңның толық күшіне енбегенін, бірақ зейнетақы реформасын кейінге қалдырған жағдайда төлемдерді индексациялауға мүмкіндік болмайтынын айтты. Себебі, әлем көз тіккен футбол чемпионатының арты Ресейдегі қаржылық дағдарысқа әкеліп, халық наразылығын туғызды. Десек те Путин экономикалық қиындықтардың анағұрлым азайғанын тілге тиек етті.

Зейнет жасына қатысты жоспар пікір қайшылығына әкеп соққан. Ресейліктер аталған реформаға түбегейлі қарсылық білдіріп отыр. Ал жергілікті телеарналар зейнет жасының толыққанды ұлғаймайтынын айтып, халықты сендірген. Осы уақытқа дейін мемлекетте орын алған келеңсіз жағдайлар мен олқылыққа ұласқан реформалардың салдарынан Владимир Путинге деген халық сенімі азайған. Әлеуметтік зерттеу ұйымдарының айтуынша, жыл сайын өзгеріске ұшырайтын құбылмалы бастамалардан кейін Путинннің рейтингі әлдеқайда төмендеп кетті.

Ал көрші елдегі реформаның лебі «алыстан арбалауды» жөн санайтын Қазақстанға қаншалықты ықпал етеді?! Уақыт саралай жатар...

"The Qazaq Times"