Еуропада көші-қон мәселесі ушығып барады. Заңсыз мигранттардың артуы мемлекеттің ішкі жағдайына нұқсан келтіріп отыр. Миграция мәселесін алдын алу үшін Италия мен Венгрия бірлесе отырып Еуроодақтың көші-қон саясатын қатаңдатуға кірісті. Бұл туралы Италияның ішкі істер министрі Маттео Сальвини мен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Миландағы кездесуде мәлімдеді.

Екі ел министрлері көші-қон проблемасы ушықпай тұрғанда дереу қолға алып, мигранттарды еліне қайтару керек дейді. Сонымен қатар, Италия мигранттарды көшіру мәселесі бойынша Германиямен бірлесе жұмыс істеуге әзір екендігін айтты.

Аталған тақырып Миландағы кездесуде елеусіз қалған жоқ. Келісімнің арты екіжақты пікірге ұласып, қарсылық білдірушілер де табылды. Мәселен, Италияның солтүстік астанасында олардың ұстанымымен келіспейтін босқындар құқығын қорғаумен айналысатын ұйым қызметкерлері, оппозициялық партия өкілдері жаппай ереуілге шыққан.

Кездесудің нәтижесі бойынша, шекараны қорғау күшейтіліп, көші-қон мәселесі реттеледі. Италияның ішкі істер министрі Маттео Сальвини өз сөзінде көші-қон бойынша шекаралас Франция сияқты үлкен елдермен серіктестік орнатуды көздейтінін айтты. Ол үшін президент Макрон мигранттарға Вентимильедегі шекараны ашуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптада Германияның Хемниц қаласында екі босқын неміс азаматын пышақтап өлтіргеннен кейін, елде жаппай ереуілдер басталған болатын.

"The Qazaq Times"