Кез келген азамат жеке баспанаға қол жеткізуді қалайды. Бұл – заңдылық. Елдегі тұрғын үйге қатысты сансыз заң жобаларына көз жүгіртсек, қараша халыққа барлық жағдай жасалған сыңайлы. Алайда, сөз іске көшпей, баспанаға қатысты жобалар "дөңгелегі қисайған арбадай" шиқылдай беретіні анық.  2013 жылдан бері елорданың екі мыңға жуық тұрғынының заңды баспаналарына қол жеткізе алмай жүргені осы сөзімізге дәлел.

«Қазаннан қақпақ кетсе...»
6 жылдан бері Астанадағы «Шығыс», «Жағалау» тұрғын үй кешендерінің жұмысы тұралап қалған. Баспаналы боламыз деп, жер сипап қалған тұрғындардың «үйі жоқтың – күйі жоқ» дегенге әбден еті үйренген. Темірдей төзімнің де алысқа бармасы сөзсіз. Бар сенімін аталған кешенге артқан тұрғындардың қазір үмітінен күдігі басым. Теңгенің құнсыздануы мен қос бүйірден қысып келе жатқан дағдарыс тағы бар.

Құрылыс жұмыстары тоқтап қалған жерлерге мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілген. Бірақ, экономикалық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпепті-мыс. Содан бері біршама тұрғын «Жағалау» және «Шығыс» кешендеріндегі шаршы метрлеріне қол жеткізе алмай дал болған. Оған себеп, қаржының желге ұшуы мен ауыс-күйістің жиілеуі. Мердігер компания басшылығы мен қызметкерлері «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедінің» кебін киіп отыр. Бірақ, біз айтқан ұяттың қарасы көрінер емес.

Бүгінде баспанасын мердігер компанияларға сеніп тапсыратын қараша саны көп. «Сенген қойдың» әрекеті көңіл көншітерлік емес. Астанадағы тұрғындар да осындай жағдайда сан ұрып қалған. Үлескерлер тиісті орындарға күн санап жүгінсе де, мердігер компания тарапынан жасалынып жатқан нақты іс, нақты нәтиже жоқ.

Түйін       

Аталған жоба 12 проблемалық нысанның ең ірісі, оның құны – 17 млрд теңгені құрайды. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Уәлихан Досанов: «Компания тарапынан шамамен 15-16 шақты ескерту жасалды. Құрылыс жұмыстары мен бухгалтерия қызметіне байланысты бірнеше ескертулер бар. Айтылған мәселелердің барлығын қарастырып, түзету керектігін» – айтады. Алты жыл бойы түйіні тарқамаған істен қандай да бір нәтиже күту қиын.

Халық «қолжетімді баспанаға» қолын соза беруден де жалыққан. Баспанасын айлап-жылдап күткен тұрғындардың айтуынша, жартылай салынған тұрғын үйлер су құбыры, газ бен әжетхананы қоспағанда жылу магистраліне толық дайын емес. Ал жылу маусымына дайындық қазірден басталуы қажет. «Қыстың қамын жаз ойламаса», ертең әбден кеш болады.

 

"The Qazaq Times"