Заңсыз көші-қон проблемасы дүниежүзін алаңдатады . "Daily Express" тілшілерінің мәліметінше, Британияда туристердің тәртіп бұзуы жиілеген. Биыл шетел азаматтары жасаған қылмыс саны былтырғыдан 16%-ға артқан.
Жалпы алғанда бұл мемлекетте үш минут сайын өзге ұлт өкілі қамауға алынады. Балқан жерінің азаматтары құқық бұзушылардың алдын бастап тұр. Ал Лондонда статистика бойынша, әрбір үшінші азамат тәртіп бұзады.
Британия жергілікті полиция қызметкерлерінің айтуынша, мигранттар мен көші-қон мәселесі туындаған азаматтар жиі қылмыс жасайды. Сол себепті елде криминалды туризм өршіп тұр.
Қазақстанда да заңсыз миграция әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселе саналады. Бейресми дерекке сүйенсек, заңсыз жүрген мигранттар мен құқық бұзушылардың саны 1 млн-нан астам. Мемлекет үшін қауіп болмаған күннің өзінде заңсыз мигранттардың артуы қылмыстың өсуіне, жергілікті халықпен қайшылық туғызуға және саяси тұрақтылықты бұзуға әкеп соғады. Мәселен, осы жылдың ортасында Астанада жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, көші-қон заңнамасын бұзған 1033 мигрант анықталды. Олардың 828-і – Өзбекстан, 51-і – Қырғызстан, 71-і – Тәжікстан, 29-ы – Әзірбайжан, 18-і – Ресей, 9-ы – ҚХР, 14-і – Армения, 1-і – Беларусь, 6-ы – Грузия, 5-і – Түркия азаматы. Алматыда осыған ұқсас іспен мыңдаған мигрант тіркелген. Қазірдің өзінде іздеу салынған азаматтар мен бізге беймәлім қылмыстық жайттар баршылық.
Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің біраз бөлігін заңсыз мигранттар толықтырады. Олардың арасында маусымдық жұмыстарда істейтін, біліктілігі төмен адамдар басым. Іс жүзінде елімізде Түркия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Ауғанстан азаматтарының құқық бұзу фактілері жиі тіркеледі. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесінің артуы да криминалдың өршуіне негізгі себеп. Аталған мемлекеттердің үлесіне жұмыс күшінің 60%-70% пайызы тиесілі.
Егер заңсыз іс-әрекеттер мен тәртіп бұзушыларға тиесілі шаралар қолданылмаса, ұлттық қауіпсіздік құлдырайды. Ондай жағдайда Кеймада-Гранди мен Дешмоктағыдай аса«криминалды ортаның» пайда болмасына кім кепіл?!.