10 тамызда Түркияда америкалық валюта бағамы бір доллар үшін алты лираға дейін өсіп, 32 пайызға қымбаттады. Елдің Орталық банкі 6 тамызда ұлттық валютаны ұстап тұру үшін, 2,2 млрд доллар сатып, интервенция өткізгенін мәлімдеген.
Өзбекстан БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Өзбекстаннан Түркияға барған еңбек мигранттарының табысына түрік лирасының құнсыздануы кері әсер еткен.
Биыл наурыз айынан бастап Өзбекстан бірінші рет мигранттарды Түркияға жұмысқа жібере бастаған. Өзбекстанның сыртқы еңбек миграциясы агенттігі мен Түркияның TAYGA GRUP туристік компаниясы келісімге келіп, Анталия қонақ үйлерінде жұмыс істеуге бос орын жәрмеңкесін өткізген.
Уашингтон мен Анкара арасындағы қарым-қатынастың салқындауынан кейін, түрік лирасы құнсыздана бастады.
Ресми емес дереккөздің ақпаратына қарағанда, Түркияда 100 мыңға тарта Өзбекстан азаматы бар.
Бірақ билікке Шавкат Мирзияевтің келуінен кейін Анкара мен Ташкенттің қарым-қатынасының жақсарғанын ескерсек, соңғы бір-екі жылда Түркияда жұмыс істейтін өзбек мигранттарының саны айтарлықтай көп болуы мүмкін.