Биыл елімізде 40718 түлек тестілеуді қайта тапсыруға ниет білдірген. Олардың қатарында кешенді тестілеуден өтетіндер де бар. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, ҰБТ-ның екінші кезеңі мен кешенді тестілеуді өткізу үшін  40 базалық университет таңдалған.

Тестті қайта тапсырғысы келгендер 25 шілде мен 3 тамыз аралығында өтініш берді. Өтініш берген үміткерлер саны 40 718.  Олардың ішінде 66 пайызы қазақ тілінде, 33 пайызы орыс тілінде және 11 адам ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірді.

Бес пән бойынша сұрақтарға толық білім беретін бөлімде оқығысы келетін 18500 адам жауап береді, ал қысқартылған бағдарлама бойынша білім алғысы келетін 22 218 адам екі пәннен ғана тапсырады.

Ұлттық бірыңғай және кешенді тестілеу 5 күн бойы – 15-19 тамыз аралығында – 40 ЖОО базасында өтеді.

Апелляцияға өтініш тест қорытындысы шыққаннан кейінгі келесі күні сағат 13:00-ге дейін қабылданып, бір күнтізбелік күн ішінде қаралады. Талапкер апелляциялық комиссия отырысына келмесе, оның өтініші қаралмайды.

Қайта тапсырылған тесттің қорытындысы сол күні Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады.

Еске салайық, ҰБТ-ны қайта тапсыратын түлектер 2242 теңге төлеуге міндетті.

“The Qazaq Times”