АҚШ пен араб елдеріне тиесілі ақпарат құралдарының хабарлауынша, Америка президенті Дональд Трамп билігі Орта Шығыста жаңа бір әскери одақ құруда. Нақтырақ айтсақ, Дональд Трамп билігі Сауд-Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері (БАӘ), Күвейт, Катар, Бахрейн, Мысыр және Иордания елдерінен құралған жаңа бір әскери одақ құру жұмыстарын жүргізуде. «Араб НАТО-сы» деп аталатын одақтың Иранға қарсы бағытта жұмыс істейтіні де хабарланды. Бұл туралы мәліметті «lanouvellerepublique.fr» ірі ақпарат агенттігі де растап, ресми түрде бөлісті.

Саясаткерлердің пайымдауынша, бұл жобаның мақсаты Иранның осы аймақтағы әскери және саяси ықпалына қарсы күресу. Ағылшын хабар агенттігі «Reuters»-тің хабарлауынша, Иранға қарсы құрылып, астыртын түрде жүргізілуі жоспарланған осы саяси және қауіпсіздік одақ Ақ үй мен Орта Шығыс елдері арасындағы қандай да бір әскери және саяси шешімдерге бағытталған. АҚШ-қа қарасты одақ Парсы шығанағы елдерімен қатар, Мысыр мен Иорданияны да қамтып, осы елдер арасында зымыран қауіпсіздігі, әскери жаттығу, терроризммен күрес секілді өте ауқымды жобаларға арналған. Араб елдерінің арасында аймақтық экономикалық және дипломатикалық қарым-қатынастардың дамытылуы да одақтың басты көздегені болуы мүмкін.

Осы хабарға қатысты ресми мәлімдеме жасаған Ақ үй: «Соңғы бірнеше айдан бері аймақтық серіктестерімізбен жоспар құрудамыз. Әрі сол жоспарымызды жүзеге асырудамыз» , - деп мәлімдеме жасаса, Ақ үй Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы: «Аталған жобамыздың мақсаты — Иранның әскери шабуыл әрекеттерімен, терроризммен және экстремизммен күресіп, Орташығыста тұрақтылық орнатпақ» - деген.

Иран да тарапы да осы мәселеге байланысты өз мәлімдемесін жасап үлгерді. «Америка мен аймақтық одақтастары Орта Шығыста тұрақтылық орнатамыз деген желеумен аймақтағы шиеленісті одан сайын ушықтыруда» деген. Негізі, бұл жоспарсыз-ақ, осы күні Иран мен АҚШ ара-қатынасының  шиеленісті жағдайға жеткені анық. Енді, сарапшылардың пікірінше, АҚШ Иранға шабуылын араб елдері арқылы  сынамақшы.

“The Qazaq Times”