АҚШ пен Ресей президенттерінің алғашқы ресми кездесуі әлем назарын аударған маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл кездесудің тарихи және жұрт назарын аударатын маңызды кездесу болуына көптеген халықаралық, саяси-экономикалық жағдайлар себеп болды.
Ашалап айта кетер болсақ мынадай: Трамп-Путин саммитінің алшақтай түскен Ресей-Батыс қарым-қатынасы, соның ішінде Ресей-Ұлыбритания қатынасы тұсында; Ресейге АҚШ-тың 2016 жылғы президент сайлауына араласты деген айыптың әлі басылмай тұрған тұсында; бір ғасырдан астам уақыт ымыраласып, ым-жымы бір болып келген Ұлыбритания мен АҚШ арасы «Трамп келгеннен кейін ажырап кет ме» деген қауіп британдықтарды алаңдатып тұрған тұста; Ресейге салынған санкция толастамай тұрған тұста; Трампқа «Путинның қолдауындағы АҚШ президенті» деген күдік артылып, ал осы мәселені АҚШ арнайы прокуроры қолына шырақ алып тексеріп жатқан тұста; Ұлыбританияның ЕО-дан бас тартып, АҚШ пен Ұлыбритания көш бастап келген әлемдік еркін сауда жүйесіне сызат түсе бастаған тұста; тағы басқа да күрделі халықаралық жағдайлар түсында өтуі әлем назарын өзіне аудармай қалмады.
Бұдан бұрын бірнеше рет бей ресми кездесіп қалып жүрген Трамп пен Путин, бұл рет Трамп Ақ үй тағына отырғаннан бері алғаш рет ресми түрде кездесу өткізген. Әлемнің танымал ақпарат көздерінен мәлім болғанындай, түрлі форматта бірнеше басқыштан тұратын кездесу аяқтала салысымен екі президенті БАҚ өкілдеріне бірлескен баспасөз мәжілісін өткізді. Журналистерге берген мәліметі бойынша, Трамп пен Путин АҚШ-Ресей арасындағы мәмілені жақсарту туралы кеңескенін жеткізді. Айталық Трамп: «Біздің қарым-қатынасымыз тым нашар болатын, бірақ, төрт сағаттық кездесуден кейін бұл өзгеретін болады», – деді.
Шын мәнісінде, Трамп бұл қадамының Уашингтонның билік өкілдері арасында, Құрама Штат ішінде қарсылыққа ұшырайтынын әбден біледі. Сондықтан ол саяси тәуекелшілдікке баруға дайын болса да, тұрақтылықты сақтау мақсатында ішкі саясатты тәуекелдікке айырбастамайтынын да анық аңғартқандай болды.
Екі президенттің айтуынша, олар кеңес барысында ең күрделі де тартысты тақырыптарды, айталық Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздану мәселесінен тартып, Ресейдің АҚШ сайлауына араласуы туралы айыпты, қауіпсіздік мақсаттарында арнайы қызметтердің ынтымақтастық жасауы секілді мәселелрге дейін талқыға салған. Бірақ, екі ел арасындағ бәсекелестік туралы қандай пікір алмасып, қандай шешім шығарғаны туралы ашып-жарып ештеңе айтпады.
АҚШ президент сайлауына Ресейдің араласқаны туралы болжамды екі президентте теріске шығарады. Путин сөзінде: «Мен Трамптың жеңіп шығуын қалам. Себебі, Трамп мырза екі ел қарым-қатынасын жақсартуға тырысады», – деп қана жауап берсе, Трамп аталған болжамды «сайқымазақ» деп бағалаған еді.
Аталған кездесуде Америка Құрама Штаттары мен Ресей Федерациясы арасындағы күрделі мәселелердің талқыға салынғанына қарамастан, сарапшылар бұл кездесу толық дайындықсыз күйде өтті деп бағалады. Айталық, Финляндияның Ресейдегі бұрынғы елшісі сөзінде: «Менің ойымша, бұл кездесу дайындықсыз күйде өткен. Не сөз болғанын да білмейміз, біле алмайтын да болуымыз мүмкін...», – дейді.
Төрт сағат бойы кеңескен АҚШ пен Ресей басшылары жасырын келісімдер жасасты деген болжамдар да айтылуда. Қалай болған күнде де, Трамп пен Путин арасындағы кездесу өз құпиясын жасырып қалды. Арнайы прокурор Мюллердің тексеру қорытындысы жарияланғаннан кейін қандай сыр-құпияға қанық болатынымыз белгісіз. Бірақ, бір анығы – Путин мен Трамп Ресей-АҚШ қатынасын басқа арнаға бұруға тырысады.