Ливия жағалауына жақын маңда аударылған қайық 100 адамның өліміне себеп болды деп хабарлайды,  АFР агенттігі.

«Үш жасөспірімнің денелері табылды, олардан бөлек тағы жүзге жуық адам із-түзсіз. Қайғылы оқиға жұма, 29 маусым күні Ливияның жағалауында орын алған», - деп хабарлайды агенттік. Үрлемелі қайықта барлығы 120 мигрант болған. Олардың он алтысы дер кезінде құтқарылған. Ал, суға батқандардың арасында екі сәби және 12 жасқа толмаған үш бала болған. Тірі қалғандардың айтуларынша, қайық жағалаудан ұзап шыққаннан бірнеше сағаттан кейін аударылған. Жолаушылардың арасында Йемен азаматтары мен марокколықтар бар көрінеді.

Бұған дейін де сайтымызда Еуропадағы мигранттар мәселесінің ушығып тұрғаны туралы жазған едік. Еларалық мәселелерге себеп болған мигранттар мәселесін өзара шешу үшін 28 маусымда Еуропа одағының отырысы өтіп, мигранттарды бөліп, қоныстандыруға шешім шығарылған. Сонымен қатар, ЕО осы мәселені ушықтырмау үшін Африка экономикасына да қолдау көрсететін болып келіскен еді. Мәселен, бұған дейін 650 босқыны бар «Аквариус» кемесін қабылдауға  қатысты көп кикілжің орын алып, ақыры оны Испания тарапы қабылдаған еді. Осы тектес босқындарды қабылдау мәселесі шешілмей, құрбандар да азаймайтын сияқты.

“The Qazaq Times”