Израиль мен Иран арасында тағы ши шықты. Израильдің бұрынғы Энергетика және Инфрақұрылым министрі Гонен Сегев Иранға тыңшылық қызмет көрсеткен деген айыптаумен тергеуге алынуда. Бұл туралы франциялық «lemonde.fr» басылымы хабарлайды.
Израильдің құпия қызметтер агенттігі Шин Бет пен Израиль полициясы Израильдің бұрынғы Энергетика және Инфрақұрылым министрі Гонен Сегевтің үстінен Иранға тыңшылық жасады деген айыппен тергеу істері басталғанын хабарлаған. Олар жасаған мәлімдемеде 1992-1995 жылдары аралығында Энергетика және Инфрақұрылым Министрі қызметін атқарған Сегевтің Иран тарапына Израильдің энергетика нарығы мен қауіпсіздігіне қатысты өте құпия мәліметтер бергені айтылған. Шин Бет агенттігінің хабарлауынша, Сегев әртүрлі уақыттарда әлемнің түрлі аймақтарында Иран интелегенцияларымен кездескен.
Экс-министр Гонен Сегев бұрын есірткі тасымалы үшін 10 жылға абақтыға қамалған екен. Кейін бостандыққа шыққан соң, Нигерияға қоныстанған ол өткен айда Гвинея еліне өту кезінде Нигерия үкіметі тарапынан Израильге кері қайтарылған. Ал, Сегев өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығаруда. Мәселенің ақ-қарасын анықтауға кіріскен Израиль жоғары соты жақын күндері нақты дәлелдерге қол жеткізіп, мәлімдеме жасайтынын хабарлауда.