Түркіменстанның астанасы Ашхабадтағы мемлекеттік дүкендерінде азық-түлік кезегі толастамауда. Ал, өзге де облыстарда нан тек төлқұжат бойынша сатылуда, - деп хабарлайды Азаттықтың түрікмен редакциясы.

"Қазіргі таңда қалада қант, ұн, күнбағыс майы сынды негізгі азық-түліктер өте тапшы. Азық-түліктер тек ересектерге ғана, онда да шектеулі көлемде сатылуда. Тұрғындардың сөзінше, адам басына үш килограм ұн сатып алу үшін жұрт бір ай бұрын кезекке жазылып қояды. Сондықтан да, кейбір аудандарда нан тек жергілікті тұрғындарға сатылады. Көрші аудандардан келгендерге нан сатпау мақсатында, дүкенде сауда тек төлқұжаттар арқылы жүзеге асырылады", - деп хабарлайды агенттік.

Айта кету керек, Түркіменстанның негізгі экспорттық тауары — газ бағасының төмендеуінің салдарынан, елде экономикалық дағдарыс өршіп тұр. Одан бөлек, жұмыссыздар саны да арта түскен. Ал, нан табу мақсатында сырт мемлекеттерге кетуді қалағандар түрлі кедергілерге душар болуда. Мәселен, Ашхабат әуежайында нақты себебін түсіндімейінше, азаматтар халықаралық әуе рейстеріне жіберілмеуде.

“The Qazaq Times”