Бүгін кеште Ресейде футболдан Әлем Чемпионаты басталмақ. Жер бетіндегі жанкүйері ең көп спорт түрі саналатын ала доп бәсекесіне бүкіл әлем көз тігуде. Осы тұста Ресеймен қарым-қатынасы салқындап кеткен Еуропа елдері кезекті Әлем Чемпионатына түрлі сын-пікірлер айтуда. Әсіресе, ағылшын аралындағы ақпарат көздері дүбірлі доданы әр қырынан алып қарап, доп додасынан саясат іздестіруде.
Айталық, Financial Times басылымы соңғы сандарының бірінде: «Ресей соңғы жанжал, қырғиқабақ қарым-қатынастардан кейін, өз имиджін жақсарту үшін футбол чемпионатын өткізуге қатты көңіл бөлуде», – деп жазған. Аталған басылым және: «Үш ай бұрын әлем халқы Путинды «дүниедегі ең жеккөрінішті лидер» қатарында атап келді. Алайда, бір айдан кейін миллиардтаған кісілер Ресей президентінің Әлем чемпионатының кубогын Мессиге, Роналдуға немесе өзге бір футбол жұлдызына беріп жатқанын көретін болды», – деді.
Әрине ӘЧ өткізу, Ресей үшін үлкен орай болатыны даусыз. Әлем халқы Ресейге көз тігіп отырған осы сәтте Мәскеу билігі өзін Батыстың экономикалық санкциясына қарсы төтеп бере алған, саяси қысымдарына шыдаған, әлі де қуатты режим етіп көрсетуге мүмкіндік алады.
Батыс ақпарат көздері, Путиннің футбол жанкйері емес екенін, хоккей мен дзюдоға көбірек қызығатынын да алға тартып, дүние чемпионына таласу жарыстарының қадыр-қымбатын түсіне бермейді деген сөздермен де соғып алды.
Ресей әлем біріншілігін өткізу құқығын ұтып алғаннан кейін де, Еурпалық кей елдер бұған байкот жариялауға да шақырып келді. Бірақ, онысы нәтиже бермеді. Тіпті, Англия елдері бастап, ұлттық құрамаларын Ресейдегі жарысқа қатыстырмау туралы да бастама көтерген болатын.
Танымал басылым Daily Telegraph ФИФА-ның құпия құжаттарын ақтарып отырып, ӘЧ өткізуге өтініш берген елдер арасында Ресей террорлық шабуыл ықтималдығы және басқа қауіпсіздік талаптары жағында бағалаушылардың жағынан төмен баға алғанын айтады. Тіпті, тексеру нәтижесі бойынша Ресейдегі болжаусыз қауіптердің деңгейі «Орташа» деңгейден жоғары екенін де алға тартады.
Алайда, осының бәріне қарамастан, әлем халқының ең сүйікті спортының дүбірлі жарысы бірнеше сағаттан кейін басталады. Спорт кейде саясатқа бағынғанымен, кейде адам ынтасының күшімен, саясатты өзіне бағындыратын кезі де бар. Ресей туралы бағалар өз алдына, футбол жанкүйерлері үшін жарыстың өзі әлде қайда қызық.