Бүгін, Алматы қаласындағы Ғылым ордасында Ақыт қажы Ұлымжыұлының шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті. «Рухани жаңғыру және Ақыт Ұлымжыұлының шығармашылық мұрасы» атты шараны М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен TÜRKSOY халықаралық ұйымы қазақтың ғұлама ақыны, Шынжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт қажының туылғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырған.
Конференцияның басты мақсаты – Ақыт Ұлымжыұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, зерттеу және ақыттанудың өзекті мәселелері мен «Рухани жаңғыру» идеяларымен сабақтастыра талқылау.
Ғылыми талқыда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жүмәділов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ф.ғ.д, профессор Бауыржан Жақып және бірқатар тарихшы, дінтанушы, әдебиет зерттеушілері Ақыт шығармашылығы туралы баяндама жасады.
Ақын Бауыржан Жақып өз сөзінде Ақыт қажының қазақ тарихында алғаш Қазан баспасынан кітап шығарғаны туралы айта келіп, Жазушылар одағында Шетелдегі қазақ әдебиеті кеңесі Ақыт шығармашылығын зерттеу, насихаттауды жоспарға енгізгенін, «Әдебиет» баспасы Ақыттың бір томдығын шығаруды министрлікке ұсынған, алдағы уақытта Жазушылар одағында да Ақыт қажыға арналған кеш өтетінін жеткізді.
Бауыржан Өміржанұлы сөзінің соңында: «Әдебиет» баспасы Ақыттың бір томдығын шығаруды ұсынды, ал зерттеушілердің айтуынша Ақыт еңбегінен 5-6 том кітап қалған. Бұның бәрін жинастырып шығару біздің парызымыз деп ойлаймын. Ақыттың 150 жылдығын жоғары деңгейде атап өту керек-ақ. Биыл, бірқатар ұлы тұлғалардың мерей тойы – Шәкерім қажының 160 жылы, Ақыттың 150 жылы, Мағжанның 125 жылдығы. Сондықтан бүгін Ақыттың шығармашылығына арналған конференция мені қуантып отыр, құтты болсын! Рухы баршаңызға жар болсын!» – деп түйіндеді.