Ресми Бейжіңнің АҚШ-қа қарсы арыз-шағымы көбейгеніне қарамастан, кеше АҚШ қорғаныс министрі мәлімдеме жасап, Құрама Штаттың өз ұстанымында берік тұратынын, әскери кемелері Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралдардың маңында операцияларды орындауды жалғастыратынын ескерте айтты.
Америкалық БАҚ-тың хабарына қарағанда, Пентагон басшысы Жеймс Меттис кешегі мәлімдемесінде: «Америкалық әскери кемелердің әрекеті навигация бостандығы шеңберінде. Сіздер байқап отырсыздар, тек бір ғана ел ғана бұған қарсы наразылық танытып отыр», – деген.
Осы аптада АҚШ қорғаныс министрі Шангри-Ла диалогына қатысу үшін Сингапурға сапарлай баратын болады. Аталған жиналыс Азия елдерінің қорғаныс өкілдері арасында жыл сайын өтіп келеді. Кезекті саммитте де Оңтүстік Қытай теңізі мәселесі ең қызу талқыға тиек болады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, жексенбі күні АҚШ-тың екі әскери кемесі Шиша аралдарына 20 шақырым маңда су үсті операцияларын өткізген. Бейжің тарабы бұны Қытайдың егемендігі мен территориялық құқығын бұзу және арандату деп бағалады. Екі ел арасында осыған байланысты аз болмаған кірбеңдік орын алды.
Енді міне, Бейжің тарабының айыптаулары мен ескертуіне қарамастан, АҚШ Қорғаныс министрлігі өз ұстанымында қалатынын білдіріп отыр. Қорғаныс министр Меттис: «Бұл халықаралық су жолы. Көптеген елдері оның пайдасын көруге құқылы. Сондықтан біз өз әрекетімізді жалғастырамыз», – деп қайталады.
Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде Бейжің аталған теңізді «толығымен Қытай иелігінде» деп мәлімдеген. Вьетнам, Филиппин, Малайзия, Бруней және Тайуанның (Тайвань) барлығы да бұл мәселеде бір-біріне қарама-қайшы көзқарастар ұстанады.