2018 жылдың наурыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық және Шаралар жоспары туралы Меморандумға қол қойылды. Осы Меморандум аясында зейнетақы қызметтерін БЖЗҚ бөлімшелері жоқ шалғай аудандарда «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы көрсету жоспарлануда. Бұл жобаны жүзеге асыру жоспары әзірленген. Техникалық мәселелер шешіліп, «Қазпошта» АҚ қызметкерлер құрамы оқытылған соң, трансфер-агенттік қызметтер кезең-кезең бойынша ең алдымен экономикалық жағынан белсенді тұрғындарының саны 5 мыңнан асатын 24 елдімекенде, кейін жыл соңына дейін тұрғындар саны 2 мыңнан 5 мың адамға дейін баратын 70 елдімекенде көрсетілетін болады

Сондай-ақ, 2018 жылдың 4 айы ішінде салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 169,3 млрд теңге болды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 83 пайыздан жоғары. Жылдық тұрғыдан алып қарағанда Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 2017 жылдың 1 мамыры мен 2018 жылдың 1 мамыры аралығында 8,8 пайызды құрады. Ал бұл кезеңде инфляция деңгейі 6,5 пайыз болды.

2018 жылдың 1 мамырына қарай зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,13 триллион теңгені құрап, бір жыл ішінде (2017 ж. сәуірі – 2018 ж. сәуірі) 1,21 трлн теңгеге артты. Өсім 17,5 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың 1 мамырына қарай шарттардың барлық түрі бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10 миллионнан асты. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен ашылған шоттар 9,6 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны 452 мыңнан астам бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша шамамен 38 мың бірлікті құрады.

Ағымдағы жылдың төрт айы ішінде зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 266 млрд теңгеден асты. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде түсімдер 240 млрд теңгені құраған болатын. Сәйкесінше өсім 11 пайызға жетіп отыр. 2018 жылдың 1 мамырында қарай БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы жыл басынан бері 83,03 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 5,7 млрд теңге болды.

«Дербес зейнетақы жоспарлары мәдениетін қалыптастыру» міндетін орындау аясында 2018 жылдың сәуір айында Қор салымшылар мен алушыларға жеке кеңес беру қызметін іске қосты. «БЖЗҚ» АҚ филиалдары бір ай ішінде  зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша 27 260 жеке ақыл-кеңес (консультация) берді. Бұл ретте кеңес беру шараларының басым бөлігі Алматы қалалық филиалы (5 282, бұл жалпы санның 20 пайызын құрайды) мен Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында (4 056 немесе 15%) өткізілді.

“The Qazaq Times”