Аустралияның (Австралия) сыртқы істер министрі Жули Бишоп бүгін Ханой қаласына барып, Вьетнамдағы ресми сапарын бастады. Вьетнамның вице-премьері мен СІМ басшысы Бишоппен келіссөздің алғашқы отырысын өткізді. Аустралия СІМ басшысының кезекті сапары екі ел басшыларының наурызда негізін қалаған Аустралия-Вьетнам стратегиялық серіктестігінің аясында, қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Бұл туралы WSJ басылымы хабарлады.

Бишоп кезекті сапарынан бұрын жасаған мәлімдемесінде: «Аустралия мен Вьетнам қорғаныс және қауіпсіздік, құқық қорғау, сауда, инвестиция және экономикалық даму саласындағы ынтымақтастық арқылы аймақтық экономикалық даму, бейбітшілік пен қауіпсіздікке ықпал етеді», – деп мәлімдеген.

Аустралияның СІМ басшысы кезекті сапарында Меконг, Гаулин және  Дельта арасын тұтастыратын көпірдің ашылу салтанатына қатысады.  Аустралия көпір салу үшін Вьетнамға 120 миллион АҚШ доллары көлемінде көмек көрсеткен.

Оңтүстік Қытай теңізі иелік құқығы мәселесінде, Вьетнам Қытайдың аумақтағы кеңеюіне қарсы тұратын бірден бір азиялық мемлекет саналады. Соңғы жылдары Қытайдың Оңтүстік Қытай теңзіндегі әскери, әкімшілік бақылау әрекеттерінің жиілеуі АҚШ, Аустралия, Жапония елдерін алаңдатты және олардың Вьетнаммен ынтымақтастықты тереңдетуіне себеп болды.

Аустралия мен Вьетнамның ынтымақтастық орнатқанына 45 жылдан асты. Екі тарап аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігі мәселесіндегі бірлігі артып келеді. Бұл үрдістер Қытай билігін ырықсыз күйге қарай итеруде.

“The Qazaq Times”