Бүгін Алматыдағы Қазақстан Жазушылар Одағында Батыс Қазақстан облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының "Қадыр жолы" жобасы аясында "Дала дидары" көшпелі өнер ұжымы Қадыр Мырза Әли шығармашылығына арналған концерті өтті.
Аталған орталықтың директоры Бауыржан Халиолла бастап ашқан бұл кеште, "Дала дидары" өнер ұжымының өнерпаздары қазақтың бір туар перзенті, тау тұлғалы ақыны Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған әндерін орындап, өлеңдерін оқыды. "Қадырдан қалған сөз жауһарларын", қағытпа қалжыңдарын, ақын өмірінің әр тұсындағы елеулі естеліктері айтылды.
Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған кешке Тыныштықбек Әбдікәкімов, Ұлықбек Есдәулетов, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов қатарлы қазақтың дарынды қаламгерлері қатысты.
Айта кетейік, ақынның 80 жылдық мерей тойына орай ашылған мәдениет және өнер орталығы үш жылдан бері жүйелі жұмыс жасап келеді. Орталықта мерекелік концерттер, әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылық кештері, ғылыми конференциялар өтумен қатар, батыс өңірінің қыл қалам шеберлерінің туындылары қойылған галерея жұмыс істейді. Ең маңыздысы ақын Қадыр Мырза Әлиге арналған мұражай ақын өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат береді.