Түркіменстанда көпшілік үшін тосындау шешім шығарылды. Енді, бұдан былай елде түрлі-түсті көлік жүргізуге болмайды. Яғни, тек ақ түсті ғана көлік қолдана аласыз. Ал, ел тұрғындары көліктерін жаппай ақ түске бояғандықтан, Ашхабад аппақ күйге оранған.

Президенттің ең сүйікті түсі

Түрікмен ақпарат құралдарында жарияланған хабарларға сәйкес, Түркіменстан астанасы Ашхабадта 25-мамыр Қала күні мерекесіне дейін қаладағы көліктердің бәрі ақ түске боялуы керек. Сондай-ақ, түрлі ақпарат құралдары ақ түстің президент Гурбаноглу Бердімұхамедовтың жақсы көретін түсі екенін де жазуда.

Түрлі-түсті көлікке елдің барлық аумағында тыйым салынды

Негізінен, Ашхабатта тәртіп сақшылары жыл басынан бері қалада тек ақ  түсті көліктердің қолданылуына рұқсат еткен. Ашхабадтық кейбір тұрғындар түрлі-түстіі көліктерін сатуға мәжбүр болған. Бірақ, олардың мұндай мүмкіндіктері де қалмайтын сыңайлы. Себебі, енді, тек ел астанасында емес, Түркіменстанның барлық аймағында түрлі-түсті көлікке рұқсат жоқ.

Осындай төтеннен салынған тыйымға байланысты ел тұрғындары көліктерін ақ түске бояуға көшкендіктен, елдегі бояу қызметінің де бағасы күрт өскен. Бір көлікті боятудың орташа құны 18 мың манат, яғни 5 мың 143 долларға тең.

Бұдан бұрын да сайтымызда Түркіменстанда қыз-келіншектердің киімдері мен шаш үлгілеріне, тырнақтарына, жалпы сыртқы келбеттеріне қатысты заң қабылданғанын жазған едік. Бірақ, Түркімен басшысының бұл жолғы шешімі халықаралық ақпарат құралдары үшін де, біз үшін де түсініксіз әрі тосындау болып тұр...