Арменияда 10 күнге созылған митинг халықтың жеңісімен аяқталды. Экс-президент және премьер Серж Саргсян «бейбіт майданның» нәтижесінде отставкаға кетті. Осыған байланысты бүгін біз Армения халқын алаңға шығарған не жағдай? Ресми Ереван саясаты Саргсяннан кейін қалай қарай бет алуы мүмкін? «Бейбіт майданның» артында кім тұр? – деген сұрақтарға жауап іздеп көруді жөн көрдік.
Армениядағы «бейбіт майданның» басы Саргсянның премьер-министр болып сайлануы екендігі белгілі. Бірақ Саргсян елді тоқтаусыз 10 жыл басқарғанда үндемеген оппозиция өкілдері не себепті дәл қазір бас көтерді? Бұған жауап біреу. Серж Саргсян 10 жылда Армения экономикасын тығырыққа тіреді. Халықтың 10 пайызы елден кетті, 30 пайызға жуығы тақыр кедейліктің шегіне жетті. Бір сөзбен айтқанда Серж Саргсянның басқаруындағы Армения 10 жылда стагнациялық күйге жетті. Бірақ ол осының барлығына қарамастан 17 сәуір күні премьер-министр болып қайта сайланды. Осыдан кейін халықтық толқулар басталды.
Серж Саргсянның өзінің 10 жыл бойы «халық наразылығы» - деп аталатын «күкірт бөшкесінің» үстінде отырғанын ұмытып, осыдан былай да Қазақстан немесе Беларусь елдеріндегі әріптестеріндей елді басқара беремін деген асыл арманы бас-аяғы 10 күн ішінде тас-талқан болды. Ол өзіне премьерлік креслоны сонау 2015 жылдан бастап дайындаған еді. Дәл осы жылы ол референдум арқылы Конституцияны өзгертіп, Арменияны Парламенттік басқару жүйесіне ауыстырған. Себебі ол заң бойынша мерзімі аяқталғаннан кейін одан ары президент болып сайлана алмайтын. Ал Парламенттік жүйе бойынша билік премьер-министрдің қолына өтеді. Президент жай ғана формальды саяси ойыншы. Арада үш жыл өткенде ол халық алдындағы абройын ТМД-дағы өзге әріптестері сияқты шашпай, тып-тыныш президенттіктен кетіп, премьер-министр болып сайлана салды. Бірақ бұл жолы оның бұл ісімен оппозициялық саясаткер Никол Пашинян келіспеді. Ол Ереван орталық алаңына халықты алып шықты. Бастапқыда халыққа қарсы күш қолданбақ болған Саргсян билігі кейінен райынан қайтты. Себебі Ереваннан бөлек Гюмр, Армавир, Эчмиадзин қалаларының халқыда қарсылық шеруіне шықты. Кейіннен оларға заңсыз ереуілді басуға барған сарбаздар қосылды. Ереван орталық алаңына 10 мың адам жиналды. Он мың адам, он күн ішінде Арменияны үздіксіз он жыл басқарған Серж Саргсянды орнынан алып тастады. «Бейбіт майданнан» кейін Серж Саргсян ереуіл кезінде болған барлық зорлық-зомбылықты өз мойынына алды. Ол өзінің премьер ретінде сөйлеген соңғы сөзінде: «Ереуіл маған қарсы болып жатыр. Мен сіздердің талаптарыңызды орындаймын. Біздің елімізге ынтымақ, бірлік және бейбітшілік тілеймін. Иә, мен қателестім. Дәл қазіргі жағдайдан шығудың бірнеше жолы бар. Бірақ мен олардың ешқайсысын таңдамаймын. Мен үкімет басынан кетемін» - деді.
Енді «Серж Саргсяннан кейін Армения қалай қарай бет алады?» - деген сұраққа келсек. Дәл қазір елді Ресейшіл көзқарастағы бірінші вице-премьер Карен Карапетян басқарып отыр. Ол Армения тізгінін парламент сайлауы өткенге дейін ұстайды. Карапетян бұған дейін ұзақ жылдар бойы Ресейде «Газпром межрегионгаз» компаниясының директоры болып қызмет істеген. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Арменияда парламент сайлауы қандай нәтижемен аяқталса да ресми Ереванның сыртқы саясаты өзгеріссіз қалады. Себебі Армения барлық сала бойынша Ресейге тәуелді. Ереван Таулы Карабах мәселесін Мәскеудің көмегінсіз шеше алмайды. Бұдан бөлек Арменияға сырттан тартылған инвестициялардың басым көпшілігі Ресей компанияларына тиесілі. Бір сөзбен айтқанда Серж Саргсян билік басынан кеткенімен Армения бірден адам танымастай болып өзгеріп кетпейді.
Ереванда он күнге созылған «бейбіт майдан» аяқталды. Халық өзінің алып күш екендігін тағыда бір рет дәлелдеді. Десе де «қарсылық шеруінің артында кім тұрды?» - деген сұрақ жауапсыз күйінде қалды. Бірақ бір қызығы бұл жолы Ресей де, АҚШ-та Ереванда өткен «бейбіт майданға» байланысты қандай да бір мәлімдеме жасамады. 2014 жылы Украинада болған «еуромайдан» кезінде бірін-бірі кінәлаудан алдына жан салмаған ресми Уашингтон мен Мәскеу бұл жолы үнсіз тарқасты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «бейбіт майданға» байланысты: «Армениядағы жағдай мен Украинаны салыстыруға келмейді» - деп қысқаша ғана пікір білдірді. Ал АҚШ Армениядағы бір-біріне қарсы тараптарды ұстамды болуға шақырды. Еуроодақ болса ресми Ереванды қамауға алынған ереуілшілерді босатуға шақырып, қарсылық шеруінен қандай да бір өзгерістер болатынана сенбайтіндей сыңай танытты. Тіпті 12 сәуірде Серж Саргсян премьер-министр болып сайланғанда Еуроодақ өкілдері оған құттықтау хатын жолдады.
“The Qazaq Times”