Үндістандық БАҚ-тың хабарына қарағанда, елдің премьер-министрі Нарендра Моди Қытай басшысы Ши Жинпиңмен (Си Цзинпин/Xi Jinping) кездеспек. Кездесуде көрші екі ел арасындағы дау-дамайды шешу жолдары қарастырып, Үндістан-Қытай қарым-қатынасын ретке салмақ. Бұл туралы «The India Today» басылымы хабарлады.
Өткен аптаның соңында, жұма және жексенбі күндері Үндістан мен Қытай Сыртқы істер министрліктері кезегімен мәлімдеме жасап, Моди мен Ши Жинпиң Қытайдың Ухан қаласында кездесетіні туралы хабарлады.
Қытай СІМ басшысы Уаң И Үндістан сыртқы істер министрі Суарагпен кездескеннен кейін журналистерге жасаған мәлімдемесінде: «Біздің ортақ мүдделеріміз, ортадағы қайшылықтардан көп. Екі елде ұзақ уақыттық тығыз достық қарым қатынас, өзара тиімді әріптестік пен ортақ даму байланысын ұстанудан басқа таңдауы жоқ», – деді.
Қытай СІМ басшысы екі ел басшыларының кездесуі туралы пікірінде: «Бұл кездесу екі ірі ел арасындағы қарым-қатынасты тереңдете түседі. Біз бұл бейресми кездесудің табысты өтетіндігіне кепілдік береміз. Бұл Қытай-Үндістан қатынасының жаңа кезеңін бастайды», – деген.
Естеріңізде болса, былтыр маусым айынан бастап, Доңлаң үстіртінде Қытай-Үндістан арасында шекаралық иелік құқық дауы туылып, қайшылық пен теке-тірес жағдайы 73 күнге жалғасқан еді. Бұл және үнді-қытай арасында алғаш рет болған жағдай емес. Екі ел де Гималай тауындағы иелік құқық мәселесінде ортақ шешімге келе алмаған. Тіпті қайшылық соңы қарулы-қақтығысқа ұласа жаздаған болатын.
Қазір АҚШ пен Қытай қарым-қатынасы салқындап, Үндістан-АҚШ байланысы барған сайын дами түсті. Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде де Қытай өз көршілерімен шекаралық дауды шеше алмай келеді. Осы тұста Азияның тағы бір алыбы Үндістанмен болған тартыс Қытайды аймақтан оқшауланған бейнеде көрсетіп тастады. Бұны ертерек шешу Үндістаннан көрі Қытай үшін көбірек керек деуге болады.