Түркия қауіпсіздік органдары мәлімдеме жасап, 2016 жылғы сәтсіз аяқталған төңкеріске қатысы бар делінген 80 адамды шетелдерден ұстап әкелгенін хабарлады. Мәліметке қарағанда бұл 80 адамды 18 елден Түркияға қайтарған. Бұл туралы BBC-дің онлайн қызметі хабарлаған болатын.
Бұл операция барысында Анкара билігі бірқатар елдермен «ренжісіп» те қалды. Айталық, енді ғана жақсара бастаған Түркия-Грекия дипломатиясы қайтадан кедергілерге тап болды. Себебі, Грекия соты төңкеріске қатысы бар делінген азаматтарды қамау жазасына кескенімен, Түркияға қайтару талабын мақұлдамай тастады.
Бір апта бұрын Косово премьер-министрі Түркия арнайы қызметіне маңызды ақпараттарды бергені үшін, сыртқы істер министрі мен Арнайы қызметтің басшысын жұмыстан қуған еді. Бұған Түркия президенті пікір білдіріп: «Косово төңкеріске қатысушыларды қорғап отыр», – деген болатын. Дегенмен, Түркия арнайы қызметі Косоводан төңкеріске қатысы бар деп тапқан адамдарды күшпен алып кеткен. Оның ішінде Фетхуллах Гүленге қатысы бар делінген оқу орынның 5 оқытушысы да бар. Алайда, олар төңкеріске қатысқан деген айыпты теріске шығарған.
Түркияда 2016 жылғы 16 шілде күні әскери төңкеріс әрекеті болды. Ел президенті Режеп Тайып Ердоған бұл әрекетті ұйымдастырушы ретінде террорист деп танылған Фетхуллах Гүленді айыптаған болатын. Анкара билігінің АҚШ-та тұратын Гүленді елге қайтару туралы жасаған әрекеттері әлі де жүзеге аспай келеді.