Қазақстандық үш спортшы допинг дауы бойынша үлкен спорттан аластатылды.
Ұлттық допингке қарсы орталық мәліметінше, шаңғышы Ердос Ахметов, ауыр атлет Гүлназ Шамиева және ескекші (каноэ/байдарка) Софья Емельянова допинг тесттен өтпей қалған. Салдарынан тексеру барысында қанынан «мельдоний» табылған Ахметов 2022 жылдың қаңтар айының 24-іне дейін, допинг тестінен «сибутамин» мен «тестостерон» шыққан Шамиева 2022 жылдың 8 ақпанына дейін, ал қанынан «оралтуринбол» табылған Емельянова 2022 жылдың ақпан айының 6-сына дейін үлкен спорттан аластатылды.
Естеріңізге салайық, бұл қазақстандық спортшылардың допинг дауына алғаш рет ілігуі емес. Бұған дейін ауыр атлетикадан олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Мая Манеза, Зульфия Чинчанло және т.б допинг дауы бойынша үлкен спорттан аластатылған болатын.