Қытайдың ресми ақпарат агенттігі Солтүстік Кореяның басшысы Ким Жоң Ун (Kim Jong Un/Ким Чен Ын) Бейжіңге құпия сапармен барғанын хабарлаған еді. «Шинхуа» агенттігі таратқан хабарда, Ким Жоң Ун мен оның жұбайы Ри Сол Жу (Ri Sol-ju/Ли Соль-Чжу) Бейжіңде жексенбіден сәрсенбіге дейін бейресми сапарда болатыны айтылған. Сондай-ақ, олардың ҚХР басшысы Ши Жинпиң (Xi Jinping/Си Цзиньпин) және оның жұбайы Пың Лиюанмен түскен суретін жариялады.
Қытай үкіметі жасаған мәлімдемде, Ким Жоң Ун Корей түбегінің ядролық қарусыздануына күшін салатынын айтқан. Алдағы уақытта осы мәселе жөнінде Оңтүстік Корея мен Құрама Штат басшыларымен де кездесетінін жеткізді.
Қытай мен Солтүстік Корея басшылары кездесу кезінде екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық қатынасының сақталып қалуын көбірек тілге тиек еткен. Солтүстік Корея БҰҰ шешімін елеместен, баллистикалық зымыран сынақтары мен ядролық сынақтарды жүргізуі Бейжің мен Пиоңяң (Пхеньян) арасындағы қарым-қатынасты салқындата түскен болатын. Солтүстік Кореяны санкция қысымдары арқылы келіссөз үстеліне шақыру ісінде Бейжің тарабы АҚШ пен оның одақтас елдеріне қолдау көрсетті. Бұл Қытай мен КХДР арасындағы тарихи тығыз ынтымақтастық қатынасының ең төменгі көрсеткішке жеткен тұсы болды.
Дегенмен соңы бірнеше айда Ким Жоң Ун өзінің позициясын жұмсартып, Солтүстік Кореяны ядролық держава ретінде қарайтын ұстанымын өзгертті. Қалыптасқан қайшылықты жағдайды өзгерту үшін жаңа қадамдар жасай бастады. Ядролық және зымыран сынақтарын тоқтатып, келіссөзге келетін сыңай танытты. Сәуір айында Оңтүстік Корея президентімен ядролық мәселелер төңірегінде кездесу өткізеді. Ал, мамырда АҚШ президентімен аталған тақырыптағы тарихи кездесуін жасамақ.
«Шинхуаның» хабарына қарағанда, Ким Жоң Ун Ши Жинпиңмен кездесу кезінде: «Тек АҚШ пен Оңтүстік Корея біздің бейбітшілік пен тұрақтылықты құрудай ізгі ниетімізге дұрыс жауап беріп, бейбітшілікке қол жеткізу үшін белсенді күш-жігерін көрсетуін үміт етемін», – деген. Ол және ядролық қарусыздану мәселесін шешуге дайын екенін де білдірген.
Алайда, КХДР-ның ресми ақпарат агенттігі таратқан хабарда, Ким Жоң Унның Қытайға бейресми сапарда болғаны ғана айтылған. Ал, ядролық қарусыздану және АҚШ пен Оңтүстік Корея басшыларымен кездесу туралы мәлімет бермеген.
Қытай басшсы сейсенбі күні АҚШ президентіне қоңырау шалып, өзінің Ким Жоң Унмен кездесу отырысы туралы айтып берген. Ақ үйдің бұл туралы мәліметінде: «Біз бұны зор ілгерлеушілік деп бағалаймыз. АҚШ-тың санкциялық қысымы өз нәтижесін көрсеткенін білдіреді», – делінген.
Осымен бір уақытта Сеул билігі де мәлімдеме жасап, Ким Жоң Унның Қытайға сапарлай барып, дипломатиялық қатынастар мен ядролық қарусыздану ісін алға ілгерлеткеніне оң бағасын берді.
Жапония үкіметінің мәліметінде: «Токио тарабы Солтүстік Корея мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жақсарғанына көңіл бөледі. Дегенмен, ядролық қарусыздану туралы уәделер осыған дейін де берілгенін ескеру керек. Нәтижеге жеткенше санкция қысымдары босамайды», – деді.