Сауда орталықтарындағы қосымша қауіпсіздік шаралары мен адамдар көп жиналатын орындар туралы Астана әкімдігінде талқыланды. Жиын барысында Астанадағы сауда ойын-сауық орталықтарындағы өртке қарсы қауіпсіздік қалалық әкімдігінің үнемі бақылауында екендігі айтылды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Астанадағы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, есепте тәуекел деңгейі жоғары нысанға жататын 117 сауда нысаны бар, оның 83-і сауда үйі, 9 - сауда ойын-сауық орталығы, 25-і базар.
Мәліметке қарағанда 2017 жылы ерекше тәртіппен 46 тексеру жүргізілген. Тексеру барысында көшіру жолдарының жағдайы, жарық беруші электр желілері мен қуат көздерінің жай-күйі, өртті байқайтын автоматты жүйенің түзету жағдайы, ішкі және сыртқы өртке қарсы су жабдығы мен ең бірінші өрт сөндіру құралдарының дайын болуына баса мән берілген.
"9 ОСО-ның 6-уы тексерілді. Үш орталықтан 32 ереже бұзушылық анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке 3 адам тартылып, айыппұл салынды. 2 ОСО-да аудит жүргізілді, ал 1 нысанға (Mega Silk Way Astana) тексеру осы жылы жасалады", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 25 наурыз күні Ресейдің Кемерово қаласында "Зимняя вишня" сауда-ойын-сауық орталығында шыққан өрттен 64 адам опат болды, оның 50 пайызы балалар. Деректерге қарағанда өрт ғимараттың төртінші қабатында, кинотеатр маңынан шыққан. Ал балалардың көпшілігі "Шерлок Гномс" мультфильмін тамашалауға келген.
Осыдан соң Қазақстандағы ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігіне сенбеушілердің саны артты. Алайда БАҚ өкілдері ресми өкілдерден орталықтардың қауіпсіздіге қатысты нақты ақпарат ала алмаған.