Швеция Сыртқы істер министрлігінің кеше жасаған мәлімдемесінде, Солтүстік Корея жоғары лауазымдыларының бірі сол күні кеште Стокгольмге барып, сол елдегі екі күндік ресми сапарын бастайтыны айтылған. Бұл іс АҚШ президенті мен КХДР басшысының кездесуіне жол ашуы мүмкін деп қарайды WJS басылымы.
Швеция СІМ-інің мәлімдемесінде: «Солтүстік Кореяның СІМ басшысы Ри Иоң Хо (Ri Yong Ho) бейсенбі және жұма күндері Швецияда ресми сапарда болады және Швеция сыртқы істер министрі Маргот Уалстроммен кездесу өткізеді»,– делінген. Швеция СІМ өкілі екі ел лауазымдылары соңғы кездегі ынтымақтастық қадамдарын жеделдету және Корей түбегінің жалпы жағдайы туралы кеңесетінін айтқан. Бұдан сырт кездесуде АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы дипломатиялық істердің жандануына Швецияның атқаратын рөлі туралы да ақылдаспақ.
Швеция – Солтүстік Кореямен дипломатиялық байланыс орнатқан санаулы ғана Батыс елдерінің бірі. Сонымен бірге көп жылдан бері Солтүстік Кореядағы АҚШ-тың дипломатиялық мүдделерін қорғауға жауапты болып келеді. Айталық, Солтүстік Кореяда ұсталған америкалықтарды босату және еліне қайтару ісіне көмектескен.
Швеция СІМ өкілі жұма күні өтетін Уалстром мен Ри Иоң Хо арасындағы кездесуде АҚШ өкілдерінің қатысуы да мүмкін екенін айтқан. Сондай-ақ Трамп пен Ким Жоң Ун арасындағы кездесу ісін ақылдасуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
Солтүстік Корея ресми басылымдарының кешегі хабарында, Ри Ион Хо Бейжің сапарынан оралғаннан кейін, сыртқы елдердің жағдайын ойластыра келе, Ким Жоң Ун мен Трамптың кездесуі туралы алдын ала өтетін кеңесті Швецияда өткізуді жоспарлағанын жазған.
Қытай Сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемеде бұл айтылғандарды растаған.