Мозамбиктегі қоқыс үйіндісі жанындағы үйлердің үстіне құлап, 17 адам қайтыс болды. Қоқыс үйіндісінің астында қалып қойғандар болуы мүмкін , - деп хабарлайды Al Jazeera ақпарат агенттігі.
Ел астанасы Мапуто (Maputo) қаласында болған қатты жауын кесірінен Хулен қоқыс үйіндісі жергілікті уақытпен шамамен 15,00 шамасында дүйсенбі күні құлап, 5 үйді қиратқан.
Ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілі Леонильда Пелембенің (Leonilde Pelembe) айтуынша, үйінді астында тағы адамдар қалған болуы мүмкін.
"Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, үйінді астында қалған үйлерде тұратын адамдар саны қайтыс болғандар санынан көп. Сол себепті іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр", - дейді Пелембе.
Үйінді құлағанға дейін қаланың кедей аймақтарындағы тұрғындарға басқа жаққа көшу керектігін жергілікті билік өкілдері айтқан көрінеді.
Португалиялық "Lusa" ақпарат агенттігі қоқыс үйіндісі 3 қабатты ғимаратпен теңескенін жазды.
БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратынша, Мозамбик халқының 55 пайызға жуығы (шамамен 14 млн адам) кедейшілікте өмір сүріп келеді.
Қала тұрғыны Мария Хо (Maria Huo): "Бұл қоқыс үйіндісі сақталатын жерді осыдан 10 жыл бұрын жабу керек болған. Бірақ олар әлі де үсті-үстіне қоқысты әкеліп жатыр. Енді нәтижесін көріп отырсыздар. Менің үйім жартылай қоқыстың астында қалып, балам жарқаттанды", - деді.
Мозамбик радиосы осы жағдайдың кесірінен баспанасыз қалғандарды уақытша орналастыратын орталық ашылатынын хабарлады.