Израильдің премьер-министрі өзіне тағылған жемқорлық айыбын теріске шығарып, лауазымды қызметін атқара беретінін мәлімдеген еді. Алайда елдің полиция тараулары оған жемқорлық бойынша айыптауын жалғастыруда. Орта Шығыстағы геосаяси ойындардың белді ойыншысы Израиль үкіметіндегі бұл шу жұртты елеңдетпей қоймайды. Алдымен, Биньямин Нетаньяхуға қандай айыптар тағылғанын тізіп шығалық.
Ең әуелі Биньямин Нетаньяхуға елдегі «Соңғы Жаңалықтар» деген ықпалды басылыммен жасырын келісім жасаған деген айып ілінді. Яғни, аталған басылым Нетаньяху туралы тек қана мақтау мен қошемет айтады. Оның қарымжысы ретінде Нетаньяху басылымды қолдап, қолпаштап отырады. Полиция жағы «Соңғы Жаңалықтар» газетінің бас редакторы Арнон Мозесті де жауапқа тарту керек деп отыр.
Нетаньяхуға тағылған екінші айып, 2009 жылы билік басына келгеннен бері үкіметтегі жақтастары мен басқа да тұлғалардан құны 283 мың АҚШ долларына пара-пар келетін сыйлықтар алған. «Jerusalem Post» басылымының айтуынша Нетаньяху Голливуд алыптарының бірі Арнон Милченнен құнды сыйлықтар қабылдап, оның АҚШ-қа виза алуына көмектескен. Израиль полиция жағы әлемге танымал киноларға продюсер болған Милчен мырзаны да жауапқа тарту керектігін айтады.
Құнды тарту-таралғы қабылдаған Нетаньяху «Милчен заңына» да қолдау білдірген» деген айып және бар. Аталған заң жобасы бойынша шетелден тарихи отанына оралған еврей қалталылары он жыл бойы салықтан босатылмақ екен. Алайда, бұл заң жобасына Қаржы министрлігі қарсылық танытып, қабылданбай қалған еді.
Израиль басшысына тағылған айыптардың арасында алдамшылық жасады деген сөз де кездеседі. Бұл айыптауға сенсек Нетаньяху аустралиялық миллиардер Жеймс Пэкерді алдап кеткен. Былтыр қарашада Израильдің кейбір арналары Пэкер мырзаның Нетаньяхудың отбасына тарту ұсынғаны туралы хабарлаған еді.
Мұншама айыптарға шатылған Израиль басшысының алдағы күні қалай болмақ? Елдегі тәртіп бойынша премьер-министрге ресми айып тағу жоғары прокуратураның қолынан келеді. Полиция тарабы істі жоғары прокуратураға өткізіп, олар шешім қабылдап болғанша бірнеше ай уақыт кетеді. Израильдің лауазымды өкілдерінің айтуынша, Нетаньяхуға ресми айып тағылған күннің өзінде ол премьер-министр қызметін жалғастыра беруі мүмкін екен. Елдегі келесі президент сайлауы 2019 жылдың қараша айында болмақ. Оған дейін Нетаньяху өзіне тағылған айыптарды шетке қағып, қызметін жалғастыра бермек. Тіпті бұл айыптар келесі сайлауға қатысу үшін де кедергі болмайды деп отыр.
Ол өзінің аталған мәселеге қатысты жауабында: «Менің саяси сахнадағы тарихымда 15 рет осындай айыптар тағылды және оның бәрі негізсіз болып шықты. Бұл реткі айыптар да солай, еш негізі жоқ», – деді.
68 жастағы Нетаньяху премьер-министрлік қызметті екі кезек атқарып, 12 жыл ел билеген. 1996-1999 жылдар аралығында премьер-министр болып тұрғанда да жоғарыдағыдай айыптар тағылған. Ол кезде Нетаньяху мен оның жұбайы ресми сапарларда қабылдаған сыйлықтарды мемлекетке тапсырып берместен, өздеріне қабылдаған деген айып тағылған. Бірақ, кейін бұл айыптар негізсіз деп танылды. Ал, 2015 жылы үкімет бюджетін бір компанияға аударды деген айып тағылып, соңында ол да теріске шығарылды.