Израиль үкіметін 13 жылдан бері басқарып келе жатқан премьер-министр Беньямин Нетаньяху кеше Бас прокуратура жағынан сенімсіздік, жемқорлық, алаяқтық ісімен айыпталды. Мемлекет басшысына тағылған айыпты елдің бас прокуроры Мандел Блитт ресми мәлімдемесінде ортаға салған.
Еврей мемлекетінің басшысы Беньямин Нетаньяхуға үш бірдей айып қатар тағылып, жемқорлық және алаяқтық күдігіне қатысты үш түрлі іс қозғалған. Айталық, Нетаньяху және оның әйелі ресми сапарларда және кездесулерде құны 260 мың АҚШ долларына тең бағалы сыйлықтарды қабылдаған делінген. Бұған қоса, премьер-министр туралы тек жағымды жаңалықтар тарату үшін елдегі екі мемлекеттік телеарна басшыларымен келіссөз жүргізген деген күдік ілініп отыр.
Дегенмен, Израиль премьеріне осыған ұқсас айыптар ол билікте болған жылдарда бір емес, бірнеше рет тағылған. Нетаньяху өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін айтқан. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің саяси «қудалау көріп отырғанын» жазған. Оның айтуынша бұндай айыптарды оның саяси қарсыластары ойлап тапқан.
Израиль мемлекетінің заңы бойынша бұл айыптар премьер-министрді доғарысқа (отставкаға) жібере қоймайды. Бірақ, алдағы сайлауда оған деген қолдауды төмендетуі мүмкін.
Нетаньяхуға тағылған айыпқа қарай отырып, еврей мемлекетінің билеушілері арасында тартысты саяси ойындардың жүріп жатқанын байқауға болады. Қыркүйекте Нетаньяху Кнессетте коалициялық үкімет құра алмады. Оның ең басты саяси қарсыласы саналатын Ұлттық қорғаныс күшінің бұрынғы штаб бастығы Ганц сәрсенбіде министрлер кабинетінің істен шыққанын айтқан болатын. Ол және Нетаньяхуға тағылған айыпқа қарата отырып: «Бұл Израиль үшін қайғылы күн», – деп жазды өзінің Твиттер парақшасына.
Қазір, Израиль Парламент мүшелерінің біріккен үкімет жасақтауына бір айға жетпейтін уақыт қалды. Бұған қоса, президент Ривлинмен бірге көпшілік үкіметті басқаратын парламент мүшесін сайлады. Бірақ, бұл нәтиженің табысты болуы екіталай. Парламент бірлікке келе алмаса онда биыл Израильде үшінші рет жалпы сайлау өтуі мүмкін.