Ұлттық бірыңғай тестілеу базасындағы тапсырмалар 50%-ға жаңарды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлімдеді.
Оның сөзінше, жыл сайын ұлттық тестілеу орталығы мемлекеттік тапсырамалар аясында тест тапсырмаларының барлық түрін тек 35 пайызға ғана жаңартып келген. Алайда Әлімқұлов осы жылы ҰТО бұл жұмысқа барынша жауапты бола түскенін айтады.
Сондай-ақ, базаға жаңа сұрақтар қосылған. 2018 жылы тест тапсырмаларының базасы 120 мың сұрақтан тұрады. Ал өткен жылы 80 мың болған.
"120 мың сұрақтың 11 пайызы функционалды сауаттылықты арттыруға бағытталған. Шамамен 37 пайызы - бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмалары. Мұндай сұрақтар пәнді тереңірек түсінуге және есте сақтау қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. Міндетті пәндер арасындағы оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық функционалды сауаттылықты анықтауға бағытталған. Бұл халықаралық, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына сәйкес келеді", - дейді ол.
Сондай-ақ, Рамазан Әлімқұлов 2018 жылы төлемнің жаңа қызметі іске қосылғандықтан түлектер үйден шықпай-ақ, онлайн режимде ҰБТ-ға дайындала алатынын атап өтті.
"Онлайн тестен өту құны 260 теңге, бұл кітапшаны сатып алуға қарағанда арзан. Төлем жасау түрлерін де көбейттік. Енді үйден шықпай-ақ, карта, интернет-банкинг және касса-24 терминалы арқылы төлем жасап, тесті онлайн тапсыруға болады", - деді Әлімқұлов.
Айта кетейік, ҰБТ форматы 2017 жылы өзгертілді. Мектеп бітіруші түлектер оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және өз таңдаған 2 пән бойынша тест тапсырып, тиісті 140 балды жинауы керек.