Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Рустам Иноятовты қызметінен алып тастап, өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Бұл Өзбекстанда Ислам Кәрімовтан кейінгі «жарты құдай» Иноятовтың дәуірінің аяқталғанының белгісі ме, жоқ әлде өзбек саясат сахнасындағы екі алыптың ымыраға келуі ме?
Қаңтар айының 31-і күні Өзбекстан ҰҚК-нің басшысы Рустам Иноятов қызметінен кетіп, ел президенті Шавкат Мирзиеевтың кеңесшісі болды. Көптеген шетелдік сарапшылар бұған «Мирзиеев билігінің жеңісі» деген баға берді. Олардың бұлай ойлауына негіз де жоқ емес. Себебі Рустам Иноятов Өзбекстанда Ислам Кәрімовтен кейін бір қызметте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген жалғыз адам. Ол 1995 жылдан бері Ұлттық қауіпсіздік комитетін «ашса алақынында, жұмыс жұдырығында» ұстады. Ислам Кәрімов қайтыс болғаннан кейін өзбекстандық саясаттанушылар мен журналистер билік басына дәл осы Рустам Иноятов келеді деп болжам жасады. Бірақ шын мәнінде олай болмай шықты. Оның орнына сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзиеев президент болып сайланды.
Ислам Кәрімовтың кезінде Рустам Иноятов Ұлттық қауіпсіздік комитетін «мемлекет ішіндегі мемлекет» деңгейіне жеткізді. ҰҚК-нің қатысуынсыз бір де бір инвестициялық жоба іске аспайтын болды. Ол қара нарықтағы валюта айырбастау нүктелерінен бастап, ірілі-ұсақты кәсіпкерлерге дейін өз бақылауында ұстады. Бір сөзбен айтқанда Ислам Кәрімовтың кезінде Иноятовтың рұқсатынсыз Өзбекстан аумағына шетелдік компанияларды былай қойғанда «ызыңдаған шыбынның өзі кіре алмайтын» жағдайда болды. Бірақ Иноятовтың 21 жылдық «жарты құдай» мерзімі 2016 жылы билік басына Шавкат Мирзиеевтың келуімен аяқталды.
Бастапқыда Өзбекстанда билік бейбіт түрде, ешқандай талас-тартыссыз ауысқандай болып көрінгенмен шын мәнінде олай болмай шықты. Рустам Иноятов Шавкат Мирзиеевтың жасап жатқан реформаларына түрлі сылтаулар айтып кедергі жасады. Ол Мирзиеевтың бірқатар елдерге визасыз режим жариялауына, валюта реформасына қарсы шықты. Осындай текетірестерден кейін Мирзиеев билігі Ұлттық қауіпсіздік комитетін ашық сынай бастады. 2017 жылдың желтоқсанында Шавкат Мирзиеев «ҰҚК-ны реформалау керек» деп мәлімдеді. Шетелдік сарапшылардың ойынша, Мирзиеевтың бұндай батыл қадамдар жасауына ресейлік олигархтар Әлішер Усманов пен Ескендір Махмудовтың қатысы бар. Дәл осы екі азаматтың көмегімен Шавкат Мирзиеев Өзбекстан бизнес әлемін Иноятовтың ықпалынан босатып алмақ. Себебі Ислам Кәрімовтың кезінде Әлішер Усманов та, Ескендір Махмудов та Өзбекстанға инвестиция сала алмаған. Тіпті керек десеңіздер оларды Рустам Иноятовтың басқаруындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағына кіргізбеген. Бұдан бөлек Усманов та, Махмудов та ҰҚК-ға Өзбекстан бизнес әлеміне кіргені үшін ауызбастырық бергісі келмеген. Ал олардың бұл позициясымен ұзақ жылдар бойы Өзбекстанның «жарты құдайы» болған Иноятов келіспеген. Осыдан кейін Мирзиеев, Усманов және Махмудов үштігі мен Иноятов арасында текетірес басталады. Ислам Кәрімовтың өлімінен кейін бір жылға созылған алыптар арасындағы шайқастың кімнің пайдасына шешілгенін 31 қаңтар күні тараған ақпараттан кейін сенімді түрде айта берсе болады. Алайда бұл Өзбекстан «жарты құдайларының» дәуірі аяқталды деген сөз емес, әрине. Себебі билік маңайына жаңа олигархтар тобы жиналып жатыр. Ал бұл дегеніміз - жаңа көз бояушылықтар мен ұзақ мерзімдегі саяси ойындардың басы.